«Ханорда» – ұлттық мұра мен заманауи технологияның үйлесімі

Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қазақпай Нұрсұлтан «Ханорда этномәдени ойын-сауық кешені» тақырыбында ғылыми жоба әзірледі.

Жобаның ғылыми жетекшісі — география пәнінің мұғалімі, STEM зертханасының жетекшісі Аукебай Ғалым.

Жобаның негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін заманауи форматта жаңғырту, ұлттық құндылықтарды сақтау және өңірде этнотуризмді дамытуға үлес қосу.

Зерттеу барысында этномәдени кешеннің макеті ұсынылып, ол заманауи «ақылды үй» технологияларымен жабдықталған. Атап айтқанда, Arduino платформасы негізінде автоматты жарықтандыру жүйесі, газ қауіпсіздігі датчиктері және сенсорлы есік механизмдері енгізілген. Бұл шешімдер кешеннің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, энергияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кешеннің 3D моделі арнайы инженерлік бағдарламалар арқылы құрастырылып, оның беріктігі мен тұрақтылығы есептеулермен дәлелденген. Құрылымда алюминий және ПВХ материалдары қолданылып, киіз үйдің дәстүрлі пішіні заманауи инженерлік шешімдермен үйлестірілген.

Жобалық есептеулер нәтижесінде кешен 30 м/с жылдамдықтағы жел жүктемесіне және 30 см қар қабатына төтеп бере алатыны анықталды.

«Ханорда» кешені тек мәдени нысан ғана емес, сонымен қатар туристерге арналған интерактивті орталық ретінде қарастырылған. Оның құрамына салт-дәстүр үйі, қолөнер шеберханалары, ұлттық тағамдар орталығы, ат спорты алаңы және мәдени іс-шаралар өтетін сахна кіреді.

Жобаның ғылыми жаңалығы — ұлттық мәдениетті заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, этнотуризмді дамытуға бағытталуында. Бұл бастама шетелдік және отандық туристерге қазақ халқының бай мәдениетін таныстырумен қатар, өңірдің экономикалық дамуына да оң ықпал етеді.

Аталған жоба «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» республикалық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі ІІ орынды иеленіп, жоғары бағаланды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий