Балалардың жазғы қауіпсіздігі – басты назарда
Павлодар облысы, Аққулы аудандық білім беру бөлімінің жоспарына сәйкес «Жазғы кезеңдегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттары» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жаз мезгілінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және алдын алу шараларын күшейту.
Семинарға 100 ден астам педагогтер қатысты. Оның ішінде білім беру ұйымдарының басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сала мамандары мен жауапты мекеме өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында балалар қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, қатысушыларға нақты ұсыныстар мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Семинар барысында төтенше жағдайлар бөлімінің инженерлері «Судағы қауіпсіздік ережелері және жазатайым оқиғалардың алдын алу», сондай-ақ «Өрт қауіпсіздігі: жазғы кезеңдегі алдын алу шаралары» тақырыптарында баяндама жасап, су айдындарында шомылу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау, өрттің алдын алу және төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмдері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Полиция бөлімінің өкілі «Көшедегі және қоғамдық орындардағы қауіпсіз мінез-құлық» тақырыбында сөз сөйлеп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, бөгде адамдармен қарым-қатынас кезінде сақтық шараларын ұстану қажеттігін атап өтті.
Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы «Отбасындағы бақылау және баланың қауіпсіздігі» тақырыбында баяндама жасап, ата-аналардың жауапкершілігі, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және отбасылық бақылаудың маңыздылығы жөнінде айтты.
Сонымен қатар Аққулы ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы «Жазғы демалыс кезіндегі балалардың денсаулығын сақтау» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жаз мезгілінде дұрыс тамақтану, күннен қорғану, жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
Семинарда Аққулы ауданы білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі «Білім беру ұйымдарында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру: өзекті мәселелер және бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, қызмет көрсету сапасын жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.
Ал аудандық білім беру бөлімінің әдіскері «Жазғы демалысты ұйымдастыру туралы» баяндап, оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуге бағытталған іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, балалардың жазғы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет екендігін атап өтті. Семинар қорытындысында мекемеаралық ынтымақтастықты нығайту және алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу бойынша ұсыныстар қабылданды.
Загрузка...

