ChatGPT Edu: жасанды интеллект білім беру сапасын арттыруда
Павлодар облысына ChatGPT Edu платформасының 3963 лицензиясы бөлінді. Бүгінде өңір педагогтері жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақ жоспарларын әзірлеуде, тест тапсырмаларын дайындауда, білім сапасын талдауда және интерактивті сабақтар ұйымдастыруда белсенді қолдануда.
Қазақстанда білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау аясында Оқу-ағарту министрлігі іске қосқан ChatGPT Edu пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу арқылы оқыту сапасын арттыру, педагогтердің жұмыс тиімділігін күшейту және оқушылардың зерттеушілік әлеуетін дамыту.
Екібастұз қаласындағы №17 мектептің тарих пәні мұғалімі Гүлден Жүнісованың айтуынша, ChatGPT педагогке уақытты үнемдеп қана қоймай, сабақтарды қызықты әрі заманауи форматта өткізуге мүмкіндік береді. Ал Тереңкөл ауданы Байқоныс мектебінің мұғалімі Данияр Баязитов жасанды интеллекттің деңгейлік тапсырмалар мен тәжірибеге бағытталған есептерді жылдам әзірлеуге көмектесетінін атап өтті.
Педагогтердің пікірінше, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше, ұстаздың басты міндетіне — балалармен сапалы жұмыс жүргізуге көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасайды.
ChatGPT Edu жобасы функционалдық сауаттылықты, сыни ойлау мен цифрлық мәдениетті дамытуға бағытталған заманауи білім беру ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда.
Загрузка...