Мүмкіндіктерге толы жаз: Павлодар облысында 110 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады

2026 жылдың жазында Павлодар облысында 110 277 оқушыны демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл – 1–10 сынып оқушыларының 99,1%-ын құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 96 032 баланы құраған болатын.

Өңірде жазғы алаңдар саны артады: мектеп жанындағы лагерьлер саны 356-ға, бейіндік лагерьлер саны 576-ға дейін көбейеді. Жаз мезгілінде 11 қала сыртындағы лагерь, 21 шатырлы және 20 киіз үй лагері жұмыс істейді. Жалпы, мектеп жанындағы лагерьлерде 38 мыңнан астам, ал бейіндік лагерьлерде 61 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған.

Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Жазғы бағдарламалармен 35 389 баланы қамту көзделіп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. «Жолдама сыйла» акциясы аясында 3 964 бала тегін жолдама алады. Сонымен қатар, Екібастұз өңірінің кәсіпорындары әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қосымша екі мыңнан астам жолдама бөлді.

Жазғы кезеңде облыс кәсіпорындары 12 061 жасөспірім мен колледж студентін жұмыспен қамтиды. Ал 9–10 сынып оқушылары үшін маусым айында ҰБТ-ға дайындық бойынша бейіндік сабақтар ұйымдастырылады.

Жазғы науқанның жаңа бағыттарының бірі – IT және жасанды интеллект саласын дамыту. Ақпараттық технологиялар колледжінің IT-hub базасында «Prompt AI Lab» мектебі ашылады. Сондай-ақ мектеп жанындағы лагерьлерде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бойынша хакатон өтеді.

Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз әрі сапалы демалысын ұйымдастыру мақсатында өңірде жазғы демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамтудың кешенді бағдарламасы бекітілді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий