Екібастұзда 22 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады

Биылғы жазда Екібастұзда балалар мен жасөспірімдердің демалысын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінбек.

Жазғы науқан аясында 22 058 оқушы қамтылып, бұл қаладағы барлық мектеп оқушыларын толық қамтуды көздейді.

38 мектеп пен 4 қосымша білім беру ұйымы базасында 38 мектеп жанындағы лагерь мен 40 бейіндік алаң жұмыс істейді. Мектеп жанындағы лагерьлерде 8850 бала демалса, 9708 оқушы түрлі бағыттағы бейіндік ауысымдар мен танымдық бағдарламаларға қатысады.

500-ден астам бала қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде тынығады. Сонымен қатар мыңдаған оқушы спорттық, ойын және шығармашылық алаңдарда уақытын пайдалы өткізеді. Жасөспірімдер үшін еңбек жасақтары, кәсіптік бағдар беру жобалары мен уақытша жұмыспен қамту бағдарламалары ұйымдастырылады.

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар да назардан тыс қалмайды. Жазғы демалыс пен сауықтыру шараларымен жетім балалар, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар қамтылады.

Жазғы маусымда оқушыларды «Smart Bala», «IT-бала», «РобоКэмп» секілді заманауи жобалар, робототехника мен бағдарламалау бойынша шеберлік сабақтары, шығармашылық студиялар, дебаттар, экологиялық акциялар мен отбасылық фестивальдер күтеді.

Ең бастысы — әр баланың жазы қауіпсіз, мазмұнды, жарқын әсерлерге толы әрі бақытты өтуі.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий