Абай әлемі – рух пен даналықтың тоғысы

13 мамыр күні Павлодар облысы Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Абай әлемі» атты облыстық әдеби кеші өтті.

Рухани кешке құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қатысып, ұлы Абай мұрасының терең тағылымына бойлады. Іс-шараның ерекше форматы – этно-кафе стиліндегі әдеби мәзір көрерменге ерекше әсер сыйлап, Абай шығармашылығын өлең, қара сөз, ән және сахналық қойылымдар арқылы жаңаша қырынан танытты.

Оқушылар ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздеріндегі терең ойлармен бөлісті. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерінің караоке форматында орындалуы болды. Залдағы көрермендер, ұстаздар мен ата-аналар бірге қосылып, рухани үндестікке толы ерекше атмосфера қалыптастырды.

Сонымен қатар «Жер дауы – ел дауы» қойылымы мен «Абай жолы» романындағы «Шытырманда» тарауының сахналық көрінісі ұсынылып, көрерменнің ықыласына бөленді. Іс-шараға Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері қатысып, тағылымды өнер көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді.

Кештің құрметті қонағы – Абай облысы Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, Бөрілі Мұхтар Әуезов музей-үйінің меңгерушісі Шағжан Бекенұлы Исабаев болды. Ол Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған көрме ұсынып, оқушылар мен ата-аналарды қазақ руханиятының құндылықтарымен кеңінен таныстырды.

Лицейде Абай мұрасын насихаттау жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Абайтану» факультативі мен «Ұлы дала даналығы» үйірмесі тұрақты жұмыс істейді. Үйірме жетекшісі – Гүлдана Қазболатовна Теміржанова. Бұл бастамалар «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын дәріптеп, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға бағытталған.

«Абай әлемі» әдеби кеші – ұлттық рухты ұлықтаған, мазмұны терең, тағылымы мол рухани іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий