Май ауданында «Жаз-2026»: демалыс, даму және алғашқы еңбек тәжірибесі
Биыл Павлодар облысы, Май ауданында 1440 оқушыны жазғы демалыс, сауықтыру және еңбекпен қамту шаралары қамтиды. Жаз маусымының басты мақсаты — балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың шығармашылық, зияткерлік және әлеуметтік дамуына жол ашу.
13 мектеп жанындағы лагерь мен бейіндік алаңдарда оқушылар ойын, спорт, өнер және заманауи бағыттағы жобаларға қатысады. Бағдарлама аясында «Эко life», «Проф time», «Ұшқыр ой алаңы», STEM зертханалар мен робототехника секілді қызықты форматтар жүзеге асырылады.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар толық қамтылып, ал «Ақжелкен» демалыс лагерінде 100-ден астам оқушы табиғат аясында тынығады. Сонымен қатар «Май жібек жолы» жобасы арқылы балалар киелі жерлерге саяхат жасап, өңір тарихымен танысады.
Жоғары сынып оқушылары үшін еңбек отрядтары мен уақытша жұмыс орындары ұйымдастырылып, 150 жасөспірім алғашқы еңбек тәжірибесін алады.
Жазғы бағдарлама тек демалыс емес — бұл баланың ой-өрісін кеңейтетін, болашағына бағыт беретін маңызды кезең.
Май ауданының «Жаз-2026» маусымы — жарқын әсер, жаңа білім және үлкен мүмкіндіктер уақыты.
Загрузка...
