Павлодар ауданы: балалық шақтың бақытты жазы
Биыл Павлодар ауданында жазғы каникул кезеңінде 1–10 сынып аралығындағы 3844 оқушының 99%-ы, яғни шамамен 3800-ге жуық бала түрлі демалыс, сауықтыру және еңбекпен қамту бағдарламаларымен қамтылмақ. Бұл – балалардың қауіпсіз демалысын ғана емес, олардың дамуын, шығармашылығын және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыс.
Жаз бойы мектеп жанындағы лагерлерде балаларға ойын, спорт, шығармашылық және танымдық орта ұсынылады. Бір бөлігі ыстық тамақпен және күндізгі демалыс форматында қамтылса, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар үшін толық қолдау шаралары қарастырылған.
Жазғы маусымның басты ерекшелігі – мазмұнды бейіндік және жобалық жұмыстар. «ЭКО», «Таза планета», «Жас информатик», «Шығармашылық шыңы» сияқты бағыттар балалардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар этно-лагерьлер, экскурсиялар және өңірдің киелі жерлеріне сапарлар ұйымдастырылып, балалардың туған өлке тарихына деген қызығушылығы арта түседі. Ал жоғары сынып оқушылары үшін еңбек отрядтары мен уақытша жұмыс орындары қарастырылып, жасөспірімдер алғашқы еңбек тәжірибесін жинайды.
Балалардың қауіпсіздігі басты назарда: жүзу дағдыларын үйрету, судағы қауіпсіздік акциялары, мектеп инфрақұрылымын тексеру және жаз бойғы профилактикалық рейдтер жүйелі түрде жүргізіледі.
Павлодар ауданындағы 2026 жылғы жаз — бұл тек демалыс емес, баланың тұлға болып қалыптасуына жол ашатын, жарқын әсерлер мен жаңа мүмкіндіктерге толы ерекше кезең.
Загрузка...