Железин ауданында балалардың жазғы демалысы мен дамуына арналған ауқымды науқан басталады
2026 жылғы жаз мезгілінде Павлодар обылсы, Железин ауданында оқушылардың 95,6%-ы жазғы демалыс, сауықтыру және түрлі бағыттағы жұмыспен қамту шараларымен қамтылмақ. Негізгі мақсат — әрбір бала үшін қауіпсіз, мазмұнды әрі пайдалы каникул ұйымдастыру.
1 маусымнан бастап 27 мектеп жанындағы лагерь, бейіндік ауысымдар, сондай-ақ киіз үй және шатырлы лагерьлер өз жұмысын бастайды. Балаларды ойын, спорт, шығармашылық, туристік бағыттағы іс-шаралар және туған өлкенің тарихы мен мәдениетін тану күтіп тұр.
Заманауи бағыттарға ерекше көңіл бөлінген: цифрлық сауаттылық, нейрожелілермен жұмыс, интернет қауіпсіздігі және болашақ мамандықтарға арналған шеберлік сабақтары өткізіледі. Бүгінгі лагерь — тек демалыс орны емес, баланың дамуына ықпал ететін кеңістік.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар толық қамтылып, әрқайсысына педагог-тәлімгер бекітіледі.
Балалардың қауіпсіздігі басты назарда: «Қауіпсіз балалық шақ», «Қауіпсіз су айдыны» акциялары, ТЖ, полиция және медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізіледі.
Сонымен қатар еңбек және еріктілер жасақтары, экологиялық және патриоттық жобалар, сакралды орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады.
Железин ауданындағы 2026 жылғы жаз — бұл жай ғана демалыс емес, даму, жаңалық ашу, жауапкершілік пен жарқын әсерлер кезеңі.
Загрузка...