ДАРЫНДЫ ШӘКІРТ — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САХНА ЖЕҢІМПАЗЫ!
М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Мұрагер» домбыра ансамблінің тәрбиеленушісі Қылышбек Мейірбек халықаралық деңгейде топ жарып, зор жетістікке қол жеткізді.
Жас күйші Түркия елінде өткен халықаралық «Шабыт.kz» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауының финалдық кезеңінде қазақтың қасиетті күй өнерін асқақтата орындап, 1200 қатысушының ішінен суырылып шығып, Бас жүлдені жеңіп алды.
Айта кетерлігі, Мейірбек бұл байқауға алғаш рет 2025 жылдың қараша айында республикалық қашықтықтан іріктеу кезеңі арқылы қатысқан болатын. Сол кезде жас домбырашы «Науаи» күйін орындап, Гран-при иегері атанып, халықаралық финалға жолдама жеңіп алған еді.
Ал биыл талантты шәкірт Түркия төрінде өнер көрсетіп, қазақтың қара домбырасын әлем сахнасында әуелетті.
Күмбірлеген күй мен ұлттық рухқа толы орындау түрік көрермендерінің ерекше ықыласына бөленді.
Мейірбек сахна төрінде ұлы мұрамыз — «Науаи» күйін орындап, қазақ өнерінің тереңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жас өнерпаздың өнерге деген сүйіспеншілігі бала күнінен басталған. Анасы Назгүл Ерлашқызының айтуынша, Мейірбек қара домбыраны қолына 9 жасында алған.
– Баламның домбыраға деген ынтасын ерте байқадым. Нағашы жұртынан дарыған өнер болар деп ойлаймын. Қазір Мейірбек 25-тен астам күй орындайды. Болашақта үлкен өнер жолын қуады деп сенеміз», — дейді анасы Назгүл Ерлашқызы.
Бүгінде Мейірбек тек отбасының ғана емес, күллі өңірдің мақтанышына айналып отыр. Жас күйшіге шығармашылық шабыт, биік белестер мен толағай жеңістер тілейміз!
Загрузка...