5 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК «АҚ БАНТИК» ӘНІН ШЫРҚАДЫ
Павлодар облысының 5 мыңнан астам мектеп түлегі биылғы қоштасу кештерін ерекше атап өтіп, жүректерге жылы әсер сыйлаған тағылымды бастамаға үн қосты.
Жас түлектер қазақ руханиятының көрнекті өкілі Мұхтар Шахановтың сөзіне, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әуеніне жазылған әйгілі «Ақ бантик» әнін бір мезетте қосылып орындап, әсерлі рухани атмосфера қалыптастырды.
Мыңдаған жастың бір уақытта әуелете шырқаған әні мектеппен қоштасқан қимас сәттердің, балалық шақтың тәтті естеліктерінің, ұстазға деген шынайы алғыстың және болашаққа деген сенімнің символына айналды. Бұл бастама қазақ өнері мен руханиятына деген құрметтің жарқын көрінісін көрсетті.
— Бұл челленджге қатысу мен үшін өте жарқын әрі есте қаларлық оқиға болды. Әсіресе дәл Екібастұз түлектерінің облыс бойынша осындай ауқымды жобаны алғаш болып бастағанын сезіну ерекше қуаныш сыйлады. 500-ден астам оқушының бір мезетте қосылып ән орындауы сол сәтте шынайы бірлікті, қолдауды және ерекше рухани атмосфераны сезіндірді. «Ақ бантик» әні мектеп жылдарын, достықты, сүйікті ұстаздарды және уақыттың қалай тез өткенін қайта еске салды. Осындай сәттер әр түлектің жүрегінде өмір бойы сақталатынына сенемін, — дейді Екібастұз қаласы №5 жалпы орта білім беретін мектептің 11 «Б» сынып оқушысы Илья Галутва.
Ал Екібастұз қаласы №5 жалпы орта білім беретін мектептің 11 «Ә» сыныбының оқушысы Көккөзова Меруерттің айтуынша:
— «Мен мектеп бітірген кезде дәл осы “Ақ бантик” әнін үлкен сахнада орындасам деп армандайтынмын. Сол арманымның орындалуы мен үшін ерекше сезім болды. Әсіресе Екібастұздың жүздеген түлектерімен бірге бір әнді қосылып айтқан сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Бір сәтте бәріміздің көңіліміз толқып, мектеппен қоштасып жатқанымыз анық сезілді. Бұл ән маған балалық шағымды, сыныптастарымды, қоңырау үнін, мектептегі ең бақытты күндерді еске түсірді. Осындай әсерлі челлендждің бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын».
Айта кету керек, бұл әсерлі челлендж Павлодар облысы тұрғындарының ұсынысы негізінде жүзеге асырылды. Игі бастаманы өңірдің барлық қала және аудан білім бөлімдері қолдап, ұйымдастырды.
Бір әнге бірігіп, бір сезімді бөліскен мыңдаған түлек сол сәтте мектеппен ғана қоштасқан жоқ. Олар ұлттық өнер мен руханиятқа деген терең құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының және туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын үлгісін көрсетті.
Загрузка...
