Павлодар облысында ата-аналармен ашық диалог алаңдары өтті

20–22 мамыр аралығында Павлодар облысының барлық қала-аудандарында ата-аналар қауымымен ауқымды кездесулер өтті. Ашық форматтағы жүздесулерге жүздеген ата-ана, педагогтер, құқық қорғау органдарының, прокуратураның, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, психологтер мен медицина мамандары қатысты. Ашық диалогтар легін Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы бастап беріп, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия базасында облыстағы мамандандырылған мектептердің ата-аналарымен кездесу өткізді.

Кездесу аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырылып, жалпы жиналыста 2025–2026 оқу жылын аяқтау, балалардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, сондай-ақ жазғы каникул кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалар жарақатының профилактикасы және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды дер кезінде анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Облыстық деңгейдегі кездесуден кейін осындай ашық диалогтар Павлодар, Екібастұз қалаларында, Щербақты, Успен, Ертіс, Ақтоғай және басқа да аудандарда жалғасын тапты. Білім бөлімдерінің басшылары құқық қорғау органдарының, прокуратураның, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, психологтер мен медицина мамандарымен бірлесіп, ата-аналармен кездесулер өткізіп, балалар мен жасөспірімдерге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесулер барысында 2025–2026 оқу жылының қорытындылары шығарылып, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлердің жұмысы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет қауіпсіздігі, балалар жарақатының профилактикасы, судағы, жолдағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік мәселелері қарастырылды.

Ерекше назар қазіргі заманның өзекті сын-қатерлеріне аударылды. Бүгінде ата-аналарды тек баланың үлгерімі ғана емес, жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайы, цифрлық ортаның әсері, интернеттегі қауіпсіздік және баланың мінез-құлқындағы алаңдатарлық белгілерді дер кезінде байқай білу мәселелері де толғандырады.

«Жазғы кезеңдегі балалар қауіпсіздігі – отбасы, мектеп және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана балаларымыздың пайдалы, қауіпсіз әрі мазмұнды демалысына жағдай жасай аламыз», – деп атап өтті Ертіс ауданындағы аудандық жиналысты ұйымдастырушылар.

Екібастұз қаласында кездесу барысында бүгінде әрбір отбасын алаңдататын мәселелер көтерілді: баламен сенімді қарым-қатынасты қалай сақтау керек, оның мінез-құлқындағы өзгерістерді уақытында қалай байқауға болады және жасөспірімді есею кезеңінде қалай қолдау қажет.

Көптеген аудандарда кездесулер полиция қызметкерлері, прокуратура және жедел әрекет ету қызметтері мамандарының қатысуымен кеңейтілген форматта өтті. Ата-аналарға құқықтық жауапкершілік, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, киберқауіптерден қорғану және жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелері түсіндірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер дәстүрлі жиналыс қана емес, отбасы, мектеп және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық диалог алаңына айналып келеді.

«Баланы тәрбиелеу – тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Тек тығыз ынтымақтастық арқылы ғана балалардың дамуына қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға болады», – деп атап өтті кездесуге қатысушылар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий