Павлодарда «Отбасы заңнан басталады» атты қалалық отбасылық квест өтті
22 мамыр күні №25 жалпы орта білім беру мектебінің базасында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында «LEGAL CITY» — «Отбасы заңнан басталады» атты қалалық отбасылық квест ұйымдастырылды.
Ауқымды шараға Павлодар қаласындағы мектептерден құралған отбасылық командалар қатысып, жалпы саны 90 адамды қамтыды. Іс-шараның басты мақсаты — құқықтық мәдениетті қалыптастыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру және ата-аналар мен балалардың заңдылық пен құқықтық тәртіпке деген қызығушылығын күшейту болды.
Квест барысында қатысушылар түрлі тақырыптық бекеттерден өтіп, құқықтық сауаттылықтарын сынады. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-ана мен бала арасындағы өзара сенімді нығайту, командалық бірлік пен жауапкершілікті дамытуға бағытталған интерактивті тапсырмалар орындалды.
Шара барысында әр команда ұйымшылдықтың, тапқырлықтың және белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Қатысушылар тосын жағдайларда жылдам шешім қабылдап, бірлесе әрекет етудің маңызын дәлелдеді. Квест тек танымдық алаң ғана емес, отбасы мүшелерін жақындастыратын тәрбиелік ортаға айналды.
Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталып, көтеріңкі көңіл күй мен жағымды әсерге бөленді.
Іс-шараға қатысқан С. Торайғыров атындағы ЖОББМ ата-анасы Анна Викторовна Бойко квесттен алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, шара балалар мен ата-аналар үшін ерекше эмоция сыйлаған.
«Іс-шара бізге өте ұнады. Балалардың өзара тез тіл табысып, бір команда болып жұмыс істегенін көру қуантты. Квест балаларды соншалықты қызықтырды, олар тапсырмалар аяқталғаннан кейін де талқылауларын жалғастырып, шығармашылық белсенділік танытты», — деді Анна Викторовна.
Осындай мазмұнды бастамалар өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, отбасы институтын нығайтуға, қоғамдағы заң мен тәртіп құндылықтарын дәріптеуге зор ықпал етеді.
Загрузка...

