Заң мен тәртіп — ел болашағының негізі
Бүгін Павлодар қаласындағы «Дарынды балаларға арналған №3 гимназиясында «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» атты тәрбиелік тағылымы мол сынып сағаты өтті.
Шараға 8«А» және 8«Ә» сынып оқушылары мен ата-аналар қатысып, құқықтық сауаттылық, тәртіп, қауіпсіздік және азаматтық жауапкершілік тақырыптары кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Оқушылар сарайының әдіскері Асем Аипова құқықтық мәдениеттің маңызын атап өтіп, оқушыларды жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, уақытты тиімді өткізіп, кітап оқуға шақырды.
Сонымен қатар ата-аналар балалардың күнделікті өміріндегі заң мен тәртіпке қатысты мысалдар келтіріп, өз ойларымен бөлісті.
Ал гимназия ұстаздары Динара Искакова мен Ардақ Нуркешова оқушыларға қызықты интерактивті квест ұйымдастырып, шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Сынып өміріне белсене араласқан ата-аналарға Алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, бүгін Павлодар облысының барлық мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталды. Биыл өңір бойынша 116 мыңға жуық оқушы оқу жылын тәмамдады. 304 оқушы «Алтын белгіге», ал 356 түлек үздік аттестатқа үміткер атанды. Барлық білім беру ұйымдарында «Білімім — Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаттары өтіп, оқу жылы қорытындыланды.
Загрузка...

