Павлодарлық оқушылар патриоттық байқауда бақ сынады

Павлодар қаласындағы облыстық мамандандырылған «Жас сарбаз» мектеп-интернаты базасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған дәстүрлі облыстық Ту ұстаушылар топтарының байқауы өтті. Патриоттық рухты дәріптеуге бағытталған іс-шараға облыстың қала және аудан мектептерінен барлығы 12 команда қатысып, 75 оқушы өзара бақ сынады.

Байқаудың негізгі мақсаты – жастар арасында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, саптық даярлық деңгейін арттыру және әскери-патриоттық тәрбиені нығайту.

Қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, командалардың сыртқы келбеті мен саптық мәдениеті бағаланды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері бойынша «Эрудит» байқауында білім деңгейлері тексерілді, сондай-ақ саптық жарғы бойынша теориялық дайындықтары сараланды.

Байқау қорытындысы бойынша аудандар арасында Аққулы ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Успен ауданының командасы иеленсе, Май ауданы мен Тереңкөл ауданының командалары үшінші орынды өзара бөлісті.

Қалалар арасындағы сайыста Екібастұз қаласының командасы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Павлодар қаласындағы Қабанбай батыр атындағы облыстық мамандандырылған «Жас сарбаз» мектеп-лицей-интернатының командасына бұйырды. Ал Ақсу қаласының командасы үшінші орыннан көрінді.

Сонымен қатар, жекелеген кезеңдерде ерекше шеберлік танытқан қатысушылар арнайы номинациялар бойынша грамоталармен марапатталды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға дипломдар, грамоталар, медальдар мен кубоктар табысталды.

Аталған байқау жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға ықпал етті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий