Жасанды интеллект саласындағы халықаралық мойындау
АҚШ-та ұйымдастырылған Regeneron ISEF 2026 әлемдегі ең ірі ғылыми жобалардың жуырдағы байқауында жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісікті анықтау жүйесін әзірлеген қазақстандық оқушы марапатқа ие болған еді. Өткен аптада қазақстандық оқушылардың тағы екі жобасы жасанды интеллект саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі Association for the Advancement of Artificial Intelligence, қысқаша AAAI, арнайы марапаттарына ие болғанын білдік.
KazLib жобасы академиялық жоспарлау және оқу үлгерімін модельдеуге арналған цифрлық платформа ретінде AAAI Student Membership марапатын алды. Жобаның авторлары Талдықорған қаласындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары Аслан Башаров пен Болысбай Нұркелді. Екінші жоба Neuralese нейрондық желілерді әзірлеуге арналған визуалды-интерактивті платформа ретінде бірден екі арнайы марапатқа қол жеткізген еді.
Олар AAAI Membership және School Library Membership марапаттары. Жобаны Алматы қаласындағы Панфилов атындағы №54 Қазақстан-Ресей мектеп-лицейінің оқушылары Михаил Исаков пен Рахим Нұрмұханбетов ұсынды. Жаңа марапаттар қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін және еліміздің жасанды интеллект пен цифрлық инновациялар саласындағы әлеуеті артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде қазақстандық оқушылар әлемдегі ең ірі ғылыми жарыстарға қатысып қана қоймай, олардың жобалары халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланып, отандық білімнің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отыр.
Regeneron ISEF әлемдегі ең ірі оқушыларға арналған ғылыми және инженерлік жобалар байқауы болып саналады. Ол жыл сайын ондаған елден үздік жас зерттеушілерді біріктіреді. Биыл байқау АҚШ-тың Финикс қаласында өтті. Биыл бұл білім бәсекесіне тәуелсіз мемлекетіміздің атынан бес ғылыми жоба ұсынылып, олардың үшеуіне халықаралық байқаудың арнайы марапаты ерекше құрмет ретінде табысталды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен (06.01.2026 ж., №1151) тәуелсіз еліміздің барлық саласында цифрландырудың мүмкіндіктерін тиімді әрі жедел қолдану қажеттілігіне орай осы жаңа жүйені мемлекеттің жан-жақты қолдауымен одан әрі ілгері дамыту және жасанды интеллектті халықтың игілігі үшін жаппай ендіру мақсатында 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын оқырмандардың есіне саламыз.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...