Азаматтық авиацияға мамандар даярлау бойынша гранттар саны артты
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен аптаның сейсенбі күні ұйымдастырылған ел Үкіметінің кезекті отырысында отандық авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Жиында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел, сондай-ақ Air Astana, TransInfoTech компанияларының, Жалпы мақсаттағы авиация пилоттары қауымдастығының және Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау және Қостанай облыстары әкімдіктерінің басшылығы баяндама жасады.
Премьер-министр Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға ерекше назар аударатындығына тоқталды. – Мемлекет басшысы біздің алдымызға Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Аталған мақсатқа жету үшін қолданыстағы әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, отандық және халықаралық әуе компанияларына қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда, – деді ол. Үкіметте қабылданған шаралар аясында әуе кемелерінің паркі мен ұшу географиясы кеңейіп келеді.
Цифрлық шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Премьер-министр Көлік министрлігі қажетті инфрақұрылымды, сервис пен техниканы үнемі жаңартып, нарық пен технологияларға әрдайым талдау жүргізіп отыруы тиіс екенін атап өтті. Авиатасымалдардың жаһандық өсуі жағдайында отандық авиация саласын дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050 жылға қарай жолаушылар саны жылына он екі миллиардтан асады, ал коммерциялық ұшақтардың әлемдік паркі 2034 жылға қарай екі есеге артады.
Осыған орай еліміз әлемдік авиацияның жаһандық жүйесіне ене отырып, өз орнын иеленуі қажет екендігі айрықша атап айтылды. Тиісті ведомствоға жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда, Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажеттігі, сондай-ақ билет бағасы бәсекеге қабілетті болуы тиіс екені айтылды. Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн. Осыған орай Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке, ал 2027 жылы – Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе қатынастарын ашу тапсырылды. Премьер-министр инвесторлар мен туристер тартуда бұл өте маңызды мәселе екенін еске салды. Үкімет республика аумағына шетелдік әуе компанияларын әкелу, сондай-ақ транзиттік жүк рейстерінің санын арттыру мақсатында авиаотын бағасын барынша тиімді етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында елімізде жүк тасымалдайтын отандық әуе компаниясын құру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл қазан айында алғашқы жүк борты біздің елімізге жеткізілуі тиіс. Көлік министрлігіне осы мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.
Сонымен қатар еліміздің авиация саласын одан әрі дамыту үшін кадрлық әлеуетті күшейту қажеттігі атап өтілді. Саланы табысты дамыту үшін білікті мамандар қатарын айтарлықтай ұлғайту қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігіне Көлік министрлігімен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін авиациялық оқу орталығын құру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Азаматтық авиация академиясы жаңа деңгейге көтеріліп, сертификатталған және әлем мойындайтын мамандарды дайындауы қажет. Шағын және өңірлік авиация үшін кадрларды даярлау кезінде авиация саласындағы қолданыстағы оқу орталықтарын пайдаланған жөн. Және ел ішіндегі коммерциялық тасымалдарға түсетін жүктемені азайтуға және азаматтардың қозғалысын ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін шағын авиацияны дамыту қажет. Сонымен қатар Көлік министрлігі мен Қазаэронавигацияға қазірден бастап әуе көлігінің барлық түрін басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру тапсырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Бірінші. Көлік министрлігі осы жылдың соңына дейін Азаматтық авиацияны дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарын (САМР-2050) бекіту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Шағын және өңірлік авиацияны, пилотсыз әуе көлігін дамыту, сондай-ақ жаңа баламалы отынды пайдалану мен сақтаудың озық технологияларын енгізу шаралары міндетті түрде көзделуі тиіс. Екінші. Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA сияқты әлемдік реттеушілер коммерциялық аэро-такси аппараттарын сертификаттау қағидаларын әзірледі. Аэро-такси, дрондар мен басқа да ұшу аппараттарының жаңа түрлерін іске қосуға дайын болу керек. Көлік министрлігі биылғы маусым айының соңына дейін қалалық әуе ұтқырлығы (UAM) мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етуі керек.
Үшінші. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық әуежайларын биыл уақытылы пайдалануға беріп, сондай-ақ Павлодардағы әуежайды жаңғырту жұмыстарын аяқтауы қажет. Жалпы алғанда, Көлік министрлігі әуе компанияларымен және әуежай қызметтерімен бірлесіп, өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына сапалы, жайлы әрі жедел қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі керек. Жалпы үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Қазақстанда азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау бойынша гранттар саны артатындығын білдік. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Үкімет отырысында Азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол Мемлекет басшысының былтырғы желтоқсан айының үші күні берілген авиахабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта кадрлар даярлауды Азаматтық авиация академиясы жүзеге асырады.
– Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде студенттер контингенті де өсуде. Соңғы төрт жылда өсім жетпіс екі пайыздан асты. Авиация саласындағы мамандарға сұранысты ескере отырып, соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артты. Егер 2022-2023 оқу жылында бір жүз сексен грант бөлінсе, 2025-2026 оқу жылында алты жүз он сегізге жеткен. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де жоғары. Қазіргі таңда ол тоқсан пайызға жетіп отыр. Түлектер әуежайларда, авиакомпанияларда, логистикалық және аэронавигациялық ұйымдарда еңбек етуде, – деді ол.
Сонымен қатар ол Академияда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері белсенді енгізіліп жатқанын жеткізді. AI-SANA бағдарламасы аясында мыңнан астам студент цифрлық құзыреттерді меңгеріп, екі мыңнан астам білім алушы Coursera платформасында оқудан өткен. Оқыту авиациялық бағыттардың толық спектрін қамтитын 17 білім беру бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Атап айтқанда, ұшқыштар, диспетчерлер, инженерлік-техникалық персонал, авиациялық қауіпсіздік және ұшқышсыз авиациялық жүйелер мамандары даярланады. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленеді және жиырма бес кәсіптік стандартқа негізделген.
Сонымен қатар 2040 жылға дейінгі жаңа мамандықтар атласы әзірленді, жаңа кәсіптер мен құзыреттер енгізілуде. Кадрлар даярлау бағытында халықаралық әріптестік те күшейтілуде. Қазіргі уақытта жиырма екі шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылған. Негізгі стратегиялық серіктес – Kent State University (АҚШ). Kent State University United Airlines (әлемдегі ең ірі әуе компанияларының бірі) үшін авиациялық кадрларды даярлау бойынша негізгі университет болып саналады. Вице-министрдің сөзінше, материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Академия базасында ICAO AVSEC (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) субөңірлік оқу орталығы жұмыс істейді. Бұл – International Civil Aviation Organization жүйесіндегі әлемдегі 36 орталықтың бірі. Ұшу-жаттығу орталығында заманауи оқу ұшақтары мен Boeing және Airbus тренажерлық кешендері қолданылады. Дуалды оқыту да дамып келеді. Қазіргі уақытта қырық сегіз серіктес кәсіпорында 220 студент білім алуда. Сонымен қатар халықаралық стандарттарды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (European Union Aviation Safety Agency) талаптары кезеңімен енгізілуде.
– EASA Part-147 халықаралық сертификаттауына биыл өтінім беру жоспарлануда. Бұл үшін төрт жыл ішінде (2021-2025 жылдары) бес ұшқыш-нұсқаушы (Испанияда) даярланды, инженерлік бағыттағы он жеті оқытушы оқудан өтті (Латвияда), сондай-ақ авиапарк пен тренажерлық база жаңартылуда. Кадрларды даярлау әдіснамасын ICAO стандарттарына сәйкестендіру, сондай-ақ халықаралық оқу материалдары мен білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Академия 2019 жылдан бастап ALICANTO жаһандық авиациялық университеттер желісінің қауымдасқан мүшесі, ал 2024 жылдан бастап ICAO TRAINAIR PLUS бағдарламасының мүшесі болып саналады, – деді вице-министр.
Гүлзат Ізбасарқызының мәлімдеуінше, ғылыми-зерттеу бағыты да белсенді дамуда. Соңғы жылдары авиация саласында 45 ғылыми жоба жүзеге асырылып, ғылыми зертханалар ашылған. Қытай, Түркия және Әзербайжан ғылыми орталықтарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтын құру жоспарлануда. ҒЗИ қызметін авиациялық қауіпсіздік, цифрландыру және жасанды интеллект, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, сондай-ақ авиацияның экологиялық тұрақты дамуы сияқты басым бағыттарға шоғырландыру көзделіп отыр.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар азаматтық авиация саласын жоғары білікті, бәсекеге қабілетті отандық кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сенат депутаттары былтыр жоғары атқарушы биліктің назарына отандық авиацияның сұранысындағы әлемдік деңгейдегі кадрлар даярлау үшін қажет нәрсенің бәрімен қамтамасыз етудің маңызды екендігін жеткізген болатын. Олар осы салада соңғы жылдары ілгерілеу барын айтса да, жаңа ұшақтарды сатып алу, техникалық қызмет көрсету сапасын арттыру, ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық авиация ұйымдарының стандарттарын енгізу жұмыстарындағы сылбырлықты сынаған еді.
– Қазіргі уақытта ұшақ апаттарының жиілеуіне байланысты ұшақтарды басқаратын мықты және білікті кадрларды даярлау мәселесі өткір тұр. Бұл мәселені Үкімет басшысының назарына ұсындым. Өйткені қаржыландыруға қатысты біраз мәселе бар. Сол арқылы жаңадан академияның базасында әуе айлағын салу мәселесі, басқа да құралдарды жаңарту арқылы біздің білікті ұшқыш мамандарын даярлау өте өзекті. Ұшақты басқаратын ұшқыш, ал ұшқыш қаншама адамның өміріне тікелей жауапты. Сол себепті бұл салаға барынша назар аудару қажет, – деген еді әріптестерінің ұсынысын жеткізген халық қалаулысы Нұртөре Жүсіп.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...
