Жас сақшы – қауіпсіз болашақтың құқықтық қадамы
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде мектеп оқушыларын отансүйгіштікке, құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жас сақшы» сыныптары ашылып, бүгінде жалпыұлттық жоба ретінде қарқынды дами бастады. Осы бастаманың заңды жалғасы ретінде жуырда Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында республика көлемінде алғаш рет «Жас сақшы – қауіпсіз болашаққа қадам» атты форум ұйымдастырылды, – деп хабарлады осы аймақтағы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл ауқымды іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, еліміздің он тоғыз өңірінен келген делегаттар мен «Жас сақшы» сыныптарының, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысқан екен. Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің жеке құрамы, қалалық және аудандық полиция бөліністерінің қызметкерлері, мектеп директорлары, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары мен «Жас сақшы» сыныбының мүшелері осы жиынға арнайы шақырылыпты.
Бірегей басқосудың барысында облыстық полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Сәлемов баяндама жасап, алдыңғы жылы аймақта төрт және былтыр қосымша он екі және биылғы жылдың алғашқы алты айында жиырма жеті «Жас сақшы» сыныбы ашылғанын айрықша атап айтқан. Демек бұл жоба ел аумағында өміршеңдігін дәлелдеп, көптеген өңірде оң нәтиже көрсетіп жатқанының нақты дәлелі. Сондай-ақ ол алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейту жоспарлануына орай осы бағыттағы тәрбие және оқыту жұмыстары күшейтуді қажет етіп отырғанына тоқталды.
Тараз қаласындағы он жеті жас сақшылардың сыныбы бары және олардың әрқайсысына тұрақты түрде полиция қызметкері бөлініп, апталық сабақ өткізу әрдайым мүмкін бола бермейтіні мәселе ретінде қозғалды. Осыған байланысты білім саласының жауапты тұлғаларына тәлімгер ретінде Ішкі істер органдарының ардагерлерін, зейнетке шыққан тәжірибелі қызметкерлерді педагогикалық бағытта тарту мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасады. Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру және полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайту мақсат етілген тағылымды іс-шарада мектеп оқушылары «Буллинг», «Есірткі қоюшы», «Қоғамдық орындарды ластау», «Жол қозғалысы ережелері» тақырыптарында сахналық қойылым ұсынды.
Әрі оның мәнін талқылап, құқықбұзушылықтың соңы неге алып келетінін ұқтырды. Бұдан кейін өңір басшысы сөз алып, көпшілікті «Жас сақшы» сыныптарының республикалық форумының ашылуымен құттықтады. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының басты кепілі, – деп нақты атап айтқаны баршамызға белгілі. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ең алдымен, өскелең ұрпақ тәрбиесінен басталады. Қазіргі таңда өңірдегі қырық үш «Жас сақшы» сыныбында 900 оқушы білім алуда. Оның төрт жүз отыз үші – ұл, 467-сі – қыз, – деді ол.
– Бұл нәтиже жастар арасында тәртіпке, жауапкершілікке және қоғамдық қауіпсіздікке деген оң көзқарастың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы міндет – жобаның мазмұнын күшейтіп, сапасын арттыру. Осы бағытта ішкі істер органдарының ардагерлері мен тәжірибелі мамандарын тәлімгерлік жұмысқа кеңінен тарту маңызды. Себебі кәсіби тәжірибе мен өмірлік тәрбие – жас буын үшін ең үлкен мектеп. Сонымен қатар 7–11-сыныптарға арналған бірыңғай оқу-тәрбие бағдарламасын қалыптастыру қажет деп санаймын. Себебі жүйелі тәрбие сапалы нәтиженің негізін қалайды. Құрметті жас сақшылар! Сіздер – еліміздің ертеңісіздер. Тәртіпке құрмет, білімге ұмтылыс және елге адал қызмет ету әрқайсысыңыздың басты қағидаттарыңыз болуы тиіс. Осы форумда өз білімдеріңізді, дайындықтарыңызды және патриоттық рухтарыңызды көрсетесіздер. Сіздердің табандылықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңіз өзгелерге үлгі болады деп сенемін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы биыл жалпы құны екі миллиард теңгеден асатын 88 жаңа техника сатып алу туралы шешім қабылданған екен. Жоспарланған жүйелі жұмыстардың аясында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға арналған он бес жаңа қызметтік автокөлік табысталды. Ербол Шырақбайұлы жиналған жұртшылыққа сахналық қойылым көрсеткен және талқылаған мектеп оқушылары мен олардың жетекшілерін арнайы сертификаттармен марапаттады. Ішкі істер министрлігі Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент өкілі, полиция подполковнигі Есжан Арыстанов форумның жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алудың мәні мен маңызына ерекше тоқталып, «Жас сақшы» сыныптарының тиімділігіне ерекше назар аударды.
– «Жас сақшы» сыныптарын ашу жобасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтың бастамасымен қолға алынды. Бүгінде республика көлемінде екі жүз елу үш «Жас сақшы» сыныбы ашылып, онда бес мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Бұл – жас ұрпақтың ішкі істер органдары саласына деген қызығушылығы артып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуде. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі тарапынан «Жас сақшы» сыныбының жұмысын республика көлемінде жандандырып, одан әрі нығайту жұмыстары қолға алынуда, – деді ол сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ форумда облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция майоры Қайсар Сұлтанбаев «Жас сақшы» жобасы жастардың заңға құрметін қалыптастыратынын айтып, полиция мен қоғам байланысын нығайтудағы үлесіне тоқталды. – Мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі – «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен насихаттау. Осы бағытта «Жас сақшы» сыныптарының рөлі ерекше. Осы арқылы жас ұрпақ тәртіпке бағынуды, Отанға адал қызмет етуді, ел қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды бойына сіңіреді. Сондай сыныптарда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер ертеңгі күні ел тірегі, мемлекетіміздің сенімді азаматы боларына біз де сенімдіміз, – деді ол.
– Жамбылдық жеткіншектер білімдеріне қоса біліктілігін, шығармашылығы мен сахналық қойылымдарын ұсынып, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын насихаттады. Бұл жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, олардың бойында патриоттық рухты нығайтуға мүмкіндік береді. Осы жиынға дейін форум қатысушылары облыстық полиция департаментінің музейін аралады. Бұдан бөлек жас сақшылар Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орталық «Жеңіс» саябағында орналасқан Халық қаһармандары – Бауыржан Момышұлы мен Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым жасады. Бұл да жас ұрпақ үшін өнеге. Осы ретте жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген ұстаздарға ерекше алғыс білдіремін. Сіздердің берген білімдеріңіз бен қолдауларыңыздың арқасында өскелең ұрпақ елжанды, тәртіпті әрі білімді болып өсіп келеді.
Жүздесу шеңберінде республиканың барлық өңірінен келген полиция департаменттерінің өкілдері, «Жас сақшы» сыныбының командирлеріне қоса аймақтағы арнайы сыныпты жетекшілеріне түрлі марапаттар мен сыйлықтар берілді. Тағылымға толы мазмұнды шараның аяқталар тұсында Тараз қаласындағы №15 мектеп-гимназияның оқушылары мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері орындаған «Жас сақшы» гимнінің» тұсауы кесілді. «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының өнерпаздарының орындаған «Атамекен» әнімен еліміздің барлық аймағындағы жас сақшылардың басын біріктірген тұңғыш форум жабылды.
– Абай ауданындағы Қарауыл гимназиясында өткен сәуір айының екінші онкүндігінде жаңадан ұйымдастырылған жергілікті «Жас сақшы» сыныбының алғашқы құрамында жиырма үш оқушы білім алды. Бұл бағалы бастамаға басқа да білім беру ұйымдары өңірде алғаш рет жүзеге асырылып отырған ерекше жоба ретінде қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасуға кірісті, – деп хабарлайды Абай облысындағы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Сол салтанатты шараға ата-аналар, ардагерлер, педагогтер және полиция қызметкерлері қатысып, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аблай Нұрымов «Жас сақшы» сыныбының лентасын қиған соң оқушылар алғашқы анттарын қабылдаған болатын. Арнайы шақырылған аға буын өкілдері жасөспірімдерге арнап сөз сөйлеп, тәртіп, патриоттық рух және құқық қорғау саласына деген құрметтің маңыздылығын еске салды. Сондай-ақ ол бұл сынып болашақ офицерлердің алғашқы қадамы екенін, мұнда білім мен тәртіп қатар қалыптасатынын жеткізді.
Ал ішкі істер органдарының ардагері Ержан Жакеев бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталып, оның жас ұрпаққа берері мол екенін атап айтты. Оқушылар офицерлердің жетекшілігімен кешенді дайындықтан өтеді. Бағдарлама аясында олар саптық дайындық, атыс қаруын бөлшектеу және жинау, құқықтық қызмет негіздері, криминалистика элементтерімен танысады. Сонымен қатар дене дайындығы мен өзін-өзі қорғау дағдыларын меңгереді. Бұл оқу үрдісі жалпы білім беру бағдарламасымен қатар жүзеге асып, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
«Жас сақшы» сыныбы – тек арнайы дайындық алаңы ғана емес, оқушыларды патриоттық рухқа, тәртіпке және азаматтық жауапкершілікке баулитын маңызды жоба. Бұл бастама жастарға құқық қорғау органдарының қызметін жақыннан тануға жол ашатын маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Демек жас сақшы сыныбын ұтымды ұйымдастырған ағарту ошақтары жаңа буынды тәртіпке, білімге және елге қызмет етуге баулу бағытында айқын үлгі көрсетіп отыр деуге толық негіз бар.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...

