Оқу жылының аяқталуы және жазғы демалыстағы балалардың қауіпсіздігі туралы
2025-2026 оқу жылы аяқталу қарсаңында қаладағы Коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық білім басқармасы мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері қорытынды аттестаттаудың өту барысы, мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыру, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау, жазғы демалысты ұйымдастыру, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы баяндаған болатын.
Бүгінде қалада 314 мың 964 оқушы оқитын екі жүз алты орта білім беру мекемесі бар. Оның ішінде бір жүз жиырма төрт мектеп – мемлекеттік, 75 мектеп – жекеменшік, тағы жетеуі республикалық білім беру ұйымдары. Қырық мыңнан астам оқушы 9 және 11-сыныпты мамыр айының 25-і, яғни күні кеше аяқтады. Биыл тоғызыншы сыныпты 24 мыңнан астам оқушы, 11-сыныпты он алты мыңнан астам түлек бітіреді. Олардың ішінде бір мың екі жүз екі оқушы үздік аттестатқа, тағы 650 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр.
Білім басқармасының мәліметінше, елорда мектептерінде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – патриоттық құндылықтарды нығайту, заңға құрметті қалыптастыру, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыру.
Мейрамханаларда бітіру кештерін өткізуге тыйым салынады. Білім басқармасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, мейрамханаларда, кафелерде және өзге де ойын-сауық орындарында бітіру іс-шараларын өткізуге жол берілмейтінін еске салды. Бітіру кештері мен аттестат табыстау рәсімдері тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы тиіс. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға, ата-аналарға түсетін қосымша қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар іс-шаралар барысында дастархан жаюға, автокеруен ұйымдастыруға, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға, педагогтер мен мектеп әкімшілігіне сыйлықтар алу үшін ақша жинауға тыйым салынады. Әлеуметтік теңдік қағидаттарын сақтау және оқушылар арасындағы артық бәсекелестікті болдырмау мақсатында түлектерге мектеп үлгісіндегі киім кию ұсынылады.
Ведомство бірыңғай талаптар бітіру іс-шараларын қауіпсіз әрі ұйымдасқан форматта өткізуге мүмкіндік беретіні атап айтылды. Елордада оқушылардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін Білім басқармасы Полиция департаментімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бітіру рәсімдері кезеңінде тәулік бойы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады.
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау мамырдың 27-сінде басталады. Астана мектептерінің бірінші сыныптарына құжат қабылдау мамыр айының жиырма жетісі күні басталып, тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Білім басқармасының дерегінше, жаңа оқу жылында отыз төрт мыңнан астам баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Өткен жылы елорда мектептеріне 32 мың 631 бала қабылданған болатын. Бірінші сыныпқа бекітілген аумақта тұратын және алты жасқа толған немесе ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалар қабылданады.
Қабылдау мамандандырылған білім беру ұйымдарын қоспағанда, баланың дайындық деңгейіне қарамастан жүзеге асырылады. Ата-аналар құжаттарды eGov.kz арқылы «OQU» порталының көмегімен электронды форматта тапсыра алады. Қабылдау үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші, №065/у және №052-2/у үлгісіндегі медициналық анықтамалар, баланың 3×4 көлеміндегі фотосуреті қажет. Әр мектепте ата-аналарға кеңес беретін арнайы қабылдау комиссиялары құрылған.
Екі жүз қырық екі мыңнан астам баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Елорда бойынша жазғы демалыс кезеңінде 1–10-сынып аралығындағы 242 мыңнан астам оқушыны, оның ішінде он бір мыңға жуық әлеуметтік осал топтағы баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Қала бойынша мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлер ұйымдастырылады. Жетпіс бес мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы қала мектептері жанындағы лагерьлер жұмысына қатысады. 5–10-сынып оқушылары үшін «Оқитын ұлт: OZYQ ULT», «Болашақ LAB», «GREEN CITY: Балалар таңдауы», «Әділет CAMP», «Smart Bala» және «САЯХАТ & СПОРТ» сияқты арнайы бейіндік бағдарламалар әзірленген.
Сонымен қатар елордадағы отыз екі мектеп жанында ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Атамекен» этнолагерьлері жұмыс істейді. Жекеменшік мектептер базасында отыз бес мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Тағы 2681 бала жергілікті бюджет есебінен қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Білім басқармасы жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне, мазмұнды демалысына және сауықтыру шараларына ерекше көңіл бөлінетінін хабарлады.
Елордада балаларды дамытуға арналған жаңа жобалар іске асырылады. Әл-Фараби және М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайлары мен «Таным» кешені базасында жаз мезгілінде «KIDSHUB Tanym», «Жұлдыздар академиясы», «Sport Mix» және «Eco Life» арнайы білім беру және дамыту жобалары жүзеге асырылады. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің дене белсенділігі мен саламатты өмір салтын дамытуға бағытталған «Дидарлы жаз-2026» спорттық жобасы жалғасады. «Барап» қала сыртындағы сауықтыру лагері жазғы маусымда шамамен бір мың алты жүз білімгерді қабылдайды.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелері мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. «Қазақстан балалары» бағдарламасы әзірленіп, оны іске асыру жөніндегі тиісті жоспар Үкіметпен бекітілген. Бағдарламаны іске асырудың маңыздылығын ескере отырып, әкімдік тарапынан өңірлік жоспар бекітілді. «Баланың қауіпсіздікке құқығы» бағыты аясында елуден астам іс-шара жүзеге асырылуда. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар анықталған жағдайда мемлекеттік және құқық қорғау органдарының іс-қимыл алгоритмі бекітіліп, 230 жедел шығу жүзеге асырылды.
Өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар мен балаларды ерте анықтауға бағытталған мобильді топтардың жұмысы қамтамасыз етілді. Биылғы жылдың өткен кезеңінде баланың құқықтарын қорғау мақсатында 400-ге жуық профилактикалық рейд жүргізілді. Балалар үшін қауіпсіз инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, шатырға шығуға мүмкіндік беретін ашық люктер анықталуда. Нәтижесінде екі жүзге жуық люк жабылған.
Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі
Загрузка...