Білім шыңын бағындырған Альтаир: павлодарлық түлек ҰБТ-дан рекордтық 140 ұпай жинады
Павлодар қаласының білім беру кеңістігінде зор мақтанышқа айналған жарқын жаңалық! №7 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы, «Үздік аттестат» иегері Әсет Альтаир 2026 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы мүмкіндігінде ең жоғары нәтиже — 140 ұпайдың 140 ұпайын жинап, өңір ғана емес, республика көлемінде үлкен жетістікке қол жеткізді.
Бұл — жай ғана жоғары балл емес. Бұл — табандылықтың, үздіксіз ізденістің, жүйелі дайындықтың және үлкен арманға деген сенімнің жемісі.
Альтаирдің білім бәйгесіндегі жеңісті жолы жыл бойғы еңбектен анық байқалды. Қаңтар айындағы сынама тестілеуде ол 123 ұпай жинаса, наурыз айында нәтижесін 131 ұпайға дейін көтерді. Ал басты сынақта өз мүмкіндігін толық дәлелдеп, абсолютті нәтиже көрсетті. Мұндай көрсеткішке жету — кез келген талапкердің арманы, ал оған қол жеткізу — тек үздіктердің еншісіндегі жетістік.
Әсет Альтаир — тек біліммен ғана емес, жан-жақтылығымен де ерекшеленетін дарынды жас. Ол 2024–2025 оқу жылы ішінде қалалық және облыстық «Абай оқуларына» қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар, Абай облысында өткен республикалық кезеңде І орынды жеңіп алып, өзінің әдебиетке, сөз өнеріне деген ерекше қабілетін дәлелдеді.
Дарынды түлек ғылыми-білім сайыстарында да биіктен көрінді. «Алтын түлек» олимпиадасының қалалық және облыстық кезеңдерінің І орын иегері атанып, үздік оқушылар қатарынан көрінді. Ал жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында «Математика» пәнінен ІІІ орынға ие болуы оның логикалық ойлау қабілеті мен терең білімінің айқын дәлелі болды.
Ұстаздарының айтуынша, Альтаир — білімге құштар, жауапкершілігі жоғары, мақсатқа ұмтылатын, шығармашыл әрі еңбекқор шәкірт. Ол өз жетістігі арқылы тек мектебінің емес, бүкіл Павлодар өңірінің мерейін үстем етті.
Осындай тарихи жетістік — ата-ананың тәрбиесі мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Білім мен парасатты серік еткен Әсет Альтаир бүгінде көптеген жас талапкерлерге үлгі боларлық тұлғаға айналды.
Загрузка...
