Өнерге қанат қаққан бүлдіршіндер: Павлодарда «Бүлдіршін» фестивалінің гала-концерті өтеді
Павлодар облысында балғын таланттардың өнер мерекесіне айналған дәстүрлі «Бүлдіршін» мектепке дейінгі балалар шығармашылығы фестивалінің ХХVI облыстық гала-концерті өтті.
Көп жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл жоба мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, эстетикалық тәрбие беруге және жас таланттарды қолдауға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.
Гала-концертке облыстық кезеңде гран-при мен І орын иеленген балабақшалар, шағын орталықтар және жалпы білім беру мектептерінің мектепалды сынып тәрбиеленушілері қатысты. Сахна төрінде кішкентай өнерпаздар вокалдық орындау, хореография, балалар оркестрі және көркемсөз жанрлары бойынша өнер көрсетті. Әрбір қойылым көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, балалардың шығармашылық қабілеті мен сахна мәдениетін айқын танытты.
Облыстық іріктеу кезеңіне 136 мектепке дейінгі ұйымнан 1006 бала қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасының шешімімен 69 үздік нөмір жеңімпаз және жүлдегер атанды. Оның ішінде 4 қатысушы гран-при иеленсе, 25 нөмір І орынға, 25 нөмір ІІ орынға, ал 15 нөмір ІІІ орынға лайық деп танылды.
Салтанатты шара барысында жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар фестивальдің басты құндылығы – балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың бойындағы талантты ерте жастан дамыту екенін атап өтті.
«Бүлдіршін» фестивалі ширек ғасырға жуық уақытта өңірдегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының шығармашылық өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Жыл сайын бұл сахнада талай бүлдіршін өзінің алғашқы өнер жолын бастап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Биылғы фестиваль де балғын таланттардың жарқын өнерімен есте қалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Загрузка...

