Білім саласын цифрландыру – заман талабы

Жақында ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойды. Осыған сәйкес, жасанды интеллект мектептерді дамытудың басым бағыты ретінде белгіленді. Оқу процесіне AI технологияларын енгізу жоспарланып, мұғалімдердің жұмысын жеңілдету және оқушылармен жеке жұмыс істеуді күшейту, оқу процесін жаңғырту көзделіп отыр. Енді елімізде АI қолданудың бірыңғай стандарттары әзірленеді.

2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар дайындалады. Президенттің пікрінше, қазіргі заманда оқушылар цифрлық технологияларды ерте меңгеруі қажет. Жасанды интеллект білім беру сапасын жақсартып, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Сондықтан мектептерде AI технологияларын пайдалану заман талабы. Сонымен қатар, бұл Қазақстанның технологиялық дамуына әсер ететін маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.

Атырау облысы Білім беру басқармасының мәліметінше, соңғы жылдары саланы  цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Облыстағы 198 мектеп жоғары жылдамдықтағы интернетпен толық қамтылған. Бұл цифрлық білім беру жүйесін енгізуге және ауыл мектептеріндегі оқушылардың сапалы білімге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр екен. Бұл туралы басқарма басшысы Марат Абуов айтты.

Цифрландыру аясында  биылғы оқу жылында облыс мектептерінде 56  IT-сынып және 56 STEAM кабинеті ашылыпты. Бұл кабинеттерде оқушылар робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу, инженерлік жобалау бағыттарын меңгеріп жатыр. Соның нәтижесінде балалардың техникалық және ІТ саласына қызығушылығы артқан. 

Мектептерде «Kundelik.kz» электронды журналы тұрақты пайдаланылады. Бұл ата-аналарға баласының үлгерімін онлайн бақылауға мүмкіндік берді. Облыста мемлекеттік білім беру қызметтері де толық автоматтандырылған. Яғни, мектепке қабылдау, балабақша кезегіне тұру бағытында «Индиго» жүйесі іске қосылса, ерекше балаларды коррекциялық түзету, емдеу-сауықтыру қызметін, оқу-бағдарламасын алу үшін «Малахит» жүйесі, балаларды қосымша үйірмелерге тіркеу үшін «Лира» бағдарламасы, кітапхана жүйесінде бақылау, мониторинг жасау үшін «Е-Кітапхана» жүйесі іске қосылды. Бұл уақытты үнемдеп, ашықтықты арттырды.

«Маңызды өзгерістердің бірі – мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру. Өңірде педагогтерге арналған ІТ және жасанды интеллект бағытындағы семинарлар, тренингтер тұрақты өткізіледі. Жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу және дамыту бағытында оқу жылының басында  мектептерден әр пән бойынша ChatGPT Edu-ге тіркелетін мұғалімдер анықталып, оқытылды. ChatGPT Edu жұмысы ai.bilimclass.kz  платформасы арқылы жүзеге асады.

Цифрлық білім беру саласында жетістікке жеткен атыраулық мұғалімдер республикалық деңгейде танылып жүр. Жалпы, Атырау облысында білім беру жүйесін цифрландыру дәстүрлі оқыту моделінен заманауи, технологияға негізделген білім беру жүйесіне көшуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл өзгерістер оқушылардың білім сапасын арттырып қана қоймай, оларды болашақ цифрлық экономика талаптарына бейімдеуге бағытталған» дейді М.Абуов.

ЖИ – мұғалімнің заманауи көмекшісі

Атырау облысының білім саласында цифрландыру және жасанды интеллектпен жұмыс істеу жүйесіне кірісіп кеткен білім ордаларының қатарында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жалпы білім беретін ұйымдар бар. Солардың бірі №49 жалпы білім беретін орта мектеп. Мектеп директоры Гүлмира Ғайсақызының ойынша, AІ мұғалімнің заманауи көмекшісі. Сондықтан оны сабақта қолданудың тиімді тәсілдерін меңгеруге арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен.

Жоспарға сай,  «ЖИ – мұғалімнің заманауи көмекшісі» тақырыбында танымдық әрі тәжірибелік шара да ұйымдастырылған. Оның басты мақсаты – мұғалімдерге жасанды интеллекттің білім беру саласындағы мүмкіндіктерін таныстыру, цифрлық сауаттылықты арттыру және заманауи технологияларды тиімді қолдану жолдарын көрсету.

«Шара барысында ұстаздар жасанды интеллект арқылы сабақ жоспарын құру, тест тапсырмаларын дайындау, презентациялар жасау, мәтіндер өңдеу және көрнекі материалдар әзірлеу тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар, ЖИ-дің әр оқушының білім деңгейін саралап, жеке бағытта жұмыс жүргізуге көмектесетіні айтылды. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, сабақтың мазмұнын байыта түседі, дейді Г.Ғайсақызы

Іс-шарада мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, жаңа платформалардың мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде байқап көрді. Қатысушылар жасанды интеллекттің уақыт үнемдеуге, ақпаратты жылдам өңдеуге және шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға тиімді құрал екенін атап өтті. Әсіресе, қазіргі білім беру жүйесінде цифрлық технологияларды меңгерудің маңыздылығы кеңінен талқыланды.

Шеберлік сағатын өткізген ұстаз-зерттеуші Ботагөз Мұхамбетова қатысушыларға Vibe Coding әдісі арқылы интерактивті білім беру ойындарын құрастыру жолдарын үйретті. қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, сабақта AI қолдану тәжірибелері, Google мүмкіндіктері және «ЖИ мұғалімді алмастыра ала ма?» тақырыбында пікір алмасты. Padlet платформасы арқылы мұғалімдер өз ойларын интерактивті форматта ортаға салды.

Коучингтің теориялық бөлімінде Canva, HeyGen, Pixverse, Kahoot, Quizizz, Wordwall, Minecraft Education, Baamboozle, Interacty және PhET сияқты заманауи платформалардың білім беру саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар, нейрожелілерге жылдам тіркелу жолдары мен Google аккаунт арқылы қауіпсіз кіру тәсілдері көрсетілді.

Шараның ең қызықты кезеңдерінің бірі – Vibe Coding тәжірибесі болды. Қатысушылар Gemini платформасы арқылы бағдарламалау тілін білмей-ақ, бірнеше секунд ішінде бастауыш сыныпқа арналған интерактивті ойын сайтын құрастыру процесіне куә болды. Жасанды интеллект көмегімен қазақ тілі пәніне арналған ойын платформасының HTML және CSS кодтары автоматты түрде жасалып, браузерде дайын веб-қосымша ретінде көрсетілді.

Сондай-ақ, Canva 2026 жаңартылған AI мүмкіндіктері таныстырылып, кодсыз интерактивті тапсырмалар, флеш-карталар мен ойын элементтерін жасау жолдары көрсетілді.

Коучинг соңында мұғалімдер Padlet платформасы арқылы кері байланыс беріп, жасанды интеллект құралдарын күнделікті сабақта қолдануға дайын екендерін жеткізді.

Шара қорытындысында коучер Мұхамбетова Ботагөз Жексенғалиқызы:

«Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Бірақ AI құралдарын тиімді қолданатын педагогтер болашақ білім беру жүйесінің көшбасшысына айналады», – деп атап өтті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын енгізу – уақыт талабы. Мұндай тәжірибелік шеберлік сыныптары педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырып, сабақ сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Ләззат ӨТЕПОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий