Мектеп оқушыларының қауіпсіздігі ең басты назарда

Жыл сайынғы жазғы демалыс маусымын еліміздің барлық аймағындағы жас шәкірттердің асыға күтетінін бәріміз беске білеміз. Себебі дәл осы кезең әрбір мектеп оқушысы үшін қызықты демалыс, көңілді ойындар мен жаңа таныстықтардың ұрымтал уақыты саналады. Ал осы мезгілдің әрбір сәтін барынша пайдалы және тиімді ұйымдастыру барысында барлық жағдайда аса ұқыптылық танытып, кез келген қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын қадағалау қажет.

Рас, жаз айлары – балалық шақтың ең жарқын, қуанышты кезеңі. Күннің жылы сәулесі, таза ауа, суға шомылу мен табиғат аясындағы ұмытылмас уақыт балалардың денсаулығын жақсартып, көңіл-күйін көтереді. Астана қаласының білім басқармасы мен елордалық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы жергілікті Коммуникациялар қызметінде бірлесе ұйымдастырған өткен аптадағы кезекті брифингте журналистерге биылғы оқу жылының қорытындысы мен аттестациялау барысын баяндап берді.

Және жас түлектердің іс-шараларын өткізу, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау, жазғы демалысты ұйымдастыру, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары сөз болды. Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай атқарушы билік тарапынан мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін мүдделі мемлекеттік құрылымдар Полиция департаментімен және аудандық әкімдіктердің белсене қатысуында бітіру рәсімдері ұйымдастырылатын кезеңде тәулік бойы рейдтік іс-шараларды үйлесімді түрде жедел атқаратындықтарын айрықша атап айтты.

– Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі кезде елордада 545 мыңнан астам бала тұрады. Уақыт ұзаған сайын балалар санының өсуі байқалады. Бүгінгі күні жыл сайынғы өсім жиырма мыңнан астам ұл-қызды құрап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» бағдарламасы әзірленіп, Үкімет тарапынан оны іске асыру жөніндегі тиісті жоспар бекітілгені баршамызға белгілі. Және осы ауқымды шараларды жүйелі іске асырудың маңыздылығына орай қала әкімдігі өңірлік жоспар бекітті, – деді ол.

– Онда «Баланың қауіпсіздікке құқығы» бағыты бойынша елуден астам іс-шара жүзеге асырылуда. Қиын өмірлік жағдайдағы балалар анықталған жағдайда мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әрекет ету алгоритмі бекітіліп, 230 шұғыл шығу жасалды. Қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар мен балаларды ерте кезеңде анықтауға бағытталған мобильді топтардың жұмысы қамтамасыз етілді. Биылғы жылдың өткен кезеңінде баланың құқықтарын қорғау мақсатында шамамен бір жүз жетпіс шығу жасалды. Балаларға қауіпсіз инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.

Серік Тәукеұлының мәліметіне жүгінсек, жыл басынан бері тұрғын үйлерде шатырға шығуға мүмкіндік беретін ашық люктерді анықтау мақсатында мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде шамамен 200 люк анықталып, оларды жабу жұмыстары жүргізілген. Балалар ойын алаңдарының ақаулы конструкцияларын, сондай-ақ қараусыз қалған, құрылысы аяқталмаған және қираған нысандарды анықтап, оларды қоршау және кіруді шектеу шаралары қабылдануда. Шамамен бір жүзден аса рейдтік тексеру жүргізіліп, алаңдарда қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексеру жүргізіліп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айқындалыпты.

– Жазғы кезең қарсаңында балалардың судағы қауіпсіздігіне және балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алуға ерекше мән берілуде. Терезеден құлау – балалар жарақатының негізгі себептерінің бірі. Сонымен қатар жыл сайын балалардың өзендерде, көлдерде, су қоймаларында, басқа да су нысандарында жаза-тайым оқиғаларға ұшырау фактілері тіркеледі. Көп жағдайда бұл оқиғалар балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы және ата-аналар мен заңды өкілдердің бақылауының жеткіліксіздігі салдарынан. Сол себепті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет екендігін толық түсінген абзал, – деді салалық құрылымның жетекшісі.

– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы ата-аналарға қауіпсіздіктің негізгі шараларын қатаң сақтауды ұсынады, атап айтқанда: балаларды қараусыз қалдырмау; терезелерге арнайы қорғаныс тетіктерін орнату; балалардың шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға түсуіне жол бермеу. Сонымен қатар ата-аналардың назарын балалардың үйдегі, көшедегі және интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше аударғымыз келеді. Барлық ата-аналарды балалардың қайда жүргеніне, кіммен араласатынына, сонымен қатар қандай сайттарға кіретініне қатаң бақылауды күшейтуді сұраймыз. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша әрбір адам Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына жүгіне алады.

Елордалық құтқарушылар да мектеп оқушыларының жазғы демалысына байланысты су айдындары мен өзен-көлдерге шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзудың ең жиі кездесетін түрлері туралы арнайы ескерту хабарламаларын таратуда. Астана әкімдігі таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, жыл сайынғы шомылу маусымы биылғы жылы маусым айының бірінде басталып, алдағы тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Құтқарушылардың айтуынша, алдын алу шаралары күшейтілгенімен, су айдындары, әсіресе, балалар мен өз күшіне шамадан тыс сенетіндер үшін қауіп төндіретін демалыс орындарының бірі болып отыр.

Қазіргі уақытта қала мен оның маңындағы су айдындарындағы жағдай тұрақты, жыл басынан бері төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – арнайы жабдықталмаған орындарда шомылу, қауіпсіздік ережелерін бұзу және балаларды қараусыз қалдыру. Елордада шомылуға рұқсат етілген бес орын белгіленген. Оларға «Армина», «Столичный двор», «Три пескаря» демалыс аймақтары, Орталық қалалық жағажай және коммуналдық жағажай жатады.

– Жабдықталған жағажайларда құтқару бекеттері, медициналық пункттер, құтқару құрал-жабдықтары, ақпараттық стендтер, қалқымалы қоршаулар, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін қажет жағдайлар қарастырылуы тиіс. Алайда, көбісі әлі күнге дейін су түбі тексерілмеген «жабайы» жағажайларға барғанды жөн көреді. Онда су астында шыны, арматура, құбырлар, тастар және басқа да қауіпті заттар болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай орындарда құтқару мұнаралары мен медициналық көмек көрсетілмейді, – дейді Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

– Елордада шомылуға тыйым салынған барлығы 21 учаске белгіленген. Құтқарушылар сөзіне сенсек, көбіне бірнеше қателіктер жиі қайталанады екен. Ең біріншісі – қалқымалардан асып жүзу, бейтаныс жерлерде суға секіру, балаларды қараусыз қалдыру және қауіпсіздік шараларын сақтамай үрлемелі матрастарды немесе дөңгелектерді пайдалану. Бұл ретте көпшілік жеңқап киген немесе үрлемелі дөңгелекпен жүрген бала қауіпсіз болады деп ойлайды. Алайда мұндай құралдар толық қорғанысқа кепілдік бермейді: олар аударылып қалуы, ауасы шығып кетуі немесе баланы жағадан алыстатып әкетуі мүмкін.

Жаз – балалар мен олардың ата-аналарының асыға күтетін жыл мезгілі. Жазғы демалысты қызықты өткізуде қауіпсіздік ережелерін сақтауды да жадыңыздан шығармаған абзал. Жалпы алғанда, жазғы демалыс – тек тынығу ғана емес, баланың тұлғалық қалыптасуына, денсаулығын нығайтуға және шығармашылық әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік беретін кезең. Алайда бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану – тікелей ата-аналар мен жауапты ересектердің қолында.

Бұл ережелер мен кеңестер – жай ұсыныстар емес, баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағдарлар. Демек демалыс барысында осы тәртіптерді ұстану – баланың күнін қызықты, пайдалы әрі қауіпсіз өткізуінің кепілі. Әрбір ата-ана, тәрбиеші мен бала осыны жадында ұстауы тиіс. Сондықтан уақытты ұтымды ұйымдастырумен қатар күнделікті тәртіпке мән беріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – жазғы демалыстың шын мәніндегі жемісін көрудің басты шарты екенін естен шығармаған жөн.

Жаз мезгілінде ата-ананың рұқсатынсыз табиғат аясына шығуға болмайды, сонымен бірге қалың шөп пен ағаштардың арасында, қуыс жерлерге жасырыну әрекеттері түрлі кездейсоқ қатерлерге кезіктіруі мүмкін. Сол себепті әрбір ата-ана балаларының денсаулығы мен өмір қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қойғаны дұрыс. Перзенттер үнемі үлкендердің қатаң қадағалауында болсын! Мектеп жасындағы ұл-қыздарымыздың жазғы демалыстарын жақсы әрі пайдалы ұйымдастырып, жаңадан жинаған күш-жігерге толы көңілді күймен жаңа оқу жылына аман-есен оралуына тілектеспіз!

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий