Павлодар облысында демонстрациялық емтиханның ауқымы кеңейіп келеді

Павлодар облысында 2020 жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында WorldSkills стандарттарына негізделген демонстрациялық емтихан жүйесі енгізілуде. Бағалаудың бұл форматы студенттердің кәсіби құзыреттілігін сапалы әрі кешенді бағалауға, емтихан тапсырушылардың білім, білік және практикалық дағдылары деңгейін WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес айқындауға бағытталған.

Демонстрациялық емтихандар кадрларды даярлау сапасын арттыруға, олардың еңбек нарығындағы сұранысын күшейтуге және әлеуметтік серіктестерді оқу процесіне тартуға ықпал етеді.

Осы бағыттағы нәтижелі жұмыстардың бірі Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде жүзеге асырылуда. Колледж республикада алғашқылардың қатарында демонстрациялық емтиханды енгізіп, бүгінге дейін бұл тәжірибені бірнеше мамандық бойынша кеңейтті.

2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша колледжде 90 түлек демонстрациялық емтиханды сәтті тапсырды. Ал биыл қорытынды аттестаттауға қатысатын барлық 172 түлек емтиханды осы форматта тапсырады. Олар АКТ желілері, теміржол автоматикасы, локомотивті басқару, графикалық дизайн, желілік және жүйелік әкімшілендіру секілді сұранысқа ие құзыреттіліктер бойынша білімдерін дәлелдейді.

Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің басшысы Марат Нығметовтың айтуынша, демонстрациялық емтихан түлектердің нақты өндірістік ортада жұмыс істеуге дайындығын көрсететін тиімді құралға айналды.

– Бүгінде колледжімізде түлектерді демонстрациялық емтиханмен қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Жұмыс берушілер де бұл форматтан өткен жастардың практикалық даярлығына жоғары баға беріп, оларды жұмысқа қабылдауға қызығушылық танытып отыр, – дейді колледж басшысы.

2020 жылдан бері колледждің 216 түлегі кәсіби құзыреттілігін растайтын Skills Passport құжатына ие болды.

Биыл Павлодар облысының 32 колледжінде демонстрациялық емтихандар өткізілуде. Бұл өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне WorldSkills халықаралық стандарттарының жүйелі түрде енгізіліп жатқанын көрсетеді. Мұндай тәжірибе еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий