Екібастұзда 22 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру науқанымен қамтылады
1 маусымнан бастап Екібастұз қаласының білім беру ұйымдарында балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған ауқымды науқан басталды. Биыл жазғы жұмыспен қамтудың түрлі түрлеріне 22 мыңнан астам оқушы тартылып, бұл қаладағы мектеп оқушыларының 100 пайызын қамтиды.
35 мектеп пен 4 қосымша білім беру ұйымының базасында мектеп жанындағы лагерьлер мен бейіндік алаңдар өз жұмысын бастады. Балалар үшін сауықтыру, білім беру, спорттық, шығармашылық және кәсіби бағдар беру бағдарламалары қарастырылған. Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлініп, олардың қауіпсіздігі мен мазмұнды демалысын ұйымдастыру басты назарда ұсталады.
Жазғы маусымның салтанатты ашылуы Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Осыған орай қалада «Бала драйв» автокроссы, «Екібастұздың бақытты балалары» бейіндік лагерінің ашылуы, «Мүмкіндіктер қаласы» интерактивті бағдарламасы және мектеп жанындағы лагерьлердегі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған шараларға жалпы саны 5 мыңнан астам бала қатысты.
Жазғы маусымның негізгі жобаларының қатарында «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылатын «Айқын нәтиже» бағдарламасы, «Қауіпсіз жаз» жазғы жобасы, «Жасанды интеллект пен ғарыш: болашаққа саяхат» тақырыптық күндері, сондай-ақ балалар жарақатының алдын алу мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акциялар бар.
«Жазғы науқан – демалысты, дамуды және практикалық дағдыларды ұштастыруға мүмкіндік береді. Біз әр баланың қызығушылығына сай орта қалыптастыруға ұмтыламыз. Мұнда оқушылар спортпен және шығармашылықпен айналысып қана қоймай, ғылыми жобаларға, технологиялық бастамаларға және қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатыса алады», – дейді ұйымдастырушылар.
Жаз бойы оқушыларды білім беру интенсивтері, спорттық жарыстар, туристік бағыттар, шығармашылық шеберханалар, кәсіби бағдар беру іс-шаралары және тұлғалық дамуға арналған бағдарламалар күтеді. Бұл бастамалар балалардың жазғы демалысын қызықты, пайдалы әрі есте қаларлықтай өткізуіне мүмкіндік береді.
Загрузка...

