Жазғы демалыс жаңа форматта: Ертіс оқушыларын қызықты жобалар күтуде
Ертіс ауданындағы 25 мектеп пен 2 қосымша білім беру ұйымында мектеп жанындағы лагерьлердің салтанатты ашылуы өтті. Биылғы жазғы науқан балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ғана емес, олардың жан-жақты дамуына бағытталған мазмұнды жобаларымен ерекшеленуде.
Аудан мектептерінде жаңа форматтағы бейіндік лагерьлер жұмыс істейді. Әр лагерь баланың қызығушылығы мен қабілетін дамытуға арналған ерекше алаңға айналмақ. Оқушыларды этнотәрбие, туризм, ғылым, көшбасшылық, құқықтық мәдениет және отбасылық құндылықтарды насихаттайтын түрлі бағыттағы бағдарламалар күтуде.
Жазғы маусым аясында шатырлы лагерьлер, пікірсайыс алаңдары, «Сарбаз» әскери-патриоттық лагері, «Изобретариум» ғылыми лагері, құқық қорғау органдарының қатысуымен өтетін «ADAL NIGHTS: Территория смыслов» құқықтық лагері, «Жас ақын» әдеби алаңы, «QAMQOR» отбасылық лагерьлері және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы негізіндегі экологиялық ауысымдар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Мамандықтар қаласы» және «Бір күн – бір рөл» жобалары арқылы оқушылар әртүрлі кәсіп иелерімен танысып, болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам жасайды.
Биылғы жазғы демалыс науқанының басты ерекшеліктерінің бірі – кешкі уақыттағы қызықты бағдарламалар. Мектептерде оқушылардың бос уақытын мазмұнды өткізу үшін арнайы жобалар іске асырылады. «Кино кеші» аясында фильмдер көрсетіліп, оларды талқылау ұйымдастырылса, спорт сүйер жасөспірімдер «Жазғы кубок» жарыстарында бақ сынайды.
Жасөспірімдер үшін Retro party және Glow-party тақырыптық кештері өткізіліп, жарқын эмоциялар мен көтеріңкі көңіл күй сыйламақ. Ал «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы «Библиотүн» іс-шарасында балалар кітап оқып, әдеби квесттерге қатысып, викториналар мен шығармашылық шеберлік сағаттарында өз қабілеттерін шыңдайды.
Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде Балалар өнер мектебінде «Жалын TV» жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында оқушылар тележурналистика мен телешеберліктің қыр-сырын меңгеріп, шығармашылық және коммуникациялық дағдыларын дамытады.
Ертіс ауданындағы жазғы лагерьлер – бұл жай ғана демалыс емес. Бұл балалардың жаңа достар тауып, қызығушылықтарын дамытып, білім көкжиегін кеңейтетін, жарқын естеліктерге толы ерекше мүмкіндік алаңы.
Загрузка...

