Дарынды оқушыларға қолдау: Малайсары мектебінде игі дәстүр жалғасуда

Май ауданы Малайсары жалпы орта білім беру мектебінде «Балаға лагерьге жолдама сыйла» акциясы аясында дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған тағылымды бастама жүзеге асырылды. Білім мен ғылым бәйгелерінде мектептің абыройын асқақтатып жүрген үздік оқушыларға Көкшетау қаласындағы «IQanat» лагеріне 10 жолдама табысталды.

Жолдамалардың жалпы құны бір балаға 270 мың теңгені құрайды. Бұл игі істі ардагер ұстаз Нұрлыбекова Күләш Нұрлыбекқызы ұйымдастырып, дарынды балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік жасады.

Аталған акция – тек демалысты ұйымдастыру емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың білімге деген құлшынысын арттырып, олардың қабілетін дамытуға бағытталған маңызды қолдау тетігі. Мектеп ұжымы мұндай қайырымдылық бастамалардың жас ұрпақ бойына адамгершілік, жауапкершілік және еңбекқорлық қасиеттерін сіңіруге ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, бұл игі дәстүрдің бастамасын ардагер ұстаздың ұлы, мектеп түлегі бірнеше жыл бұрын қолға алып, бүгінде жоба екі жыл қатарынан жалғасып келеді. Сонымен қатар мектепте дарынды оқушыларды қолдау жүйелі түрде жүргізілуде: әр тоқсан сайын үздік оқушыларға 20 мың теңге шәкіртақы тағайындалады, республикалық және облыстық байқаулар жеңімпаздарына ақшалай сыйақы беріледі, ал грант иегерлеріне 150 мың теңгеден қолдау көрсетіледі.

7-сынып оқушысы Арлан Шукеновтың айтуынша:

«Біздің әрбір бастамамызға сенім артып, бірнеше жыл қатарынан лагерьге жолдама сыйлаған мектеп түлектері мен ардагер ұстаздарға шын жүректен алғыс айтамыз. Қолдауларыңыздың арқасында біз алға қойған мақсаттарымызға сенімді түрде жетіп келеміз. Сіздердің сенімдеріңізді ақтау – біздің басты мақсатымыз әрі үлкен мотивациямыз», – деп ризашылығын білдірді.

Малайсары мектебіндегі бұл бастама – білім мен тәрбиені, мейірім мен қолдауды ұштастырған жарқын үлгі болып отыр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий