Жазғы демалыс: Май ауданында оқушылар белсенді уақыт өткізуде
Май ауданында 2026 жылғы жазғы демалыс маусымы балалардың бос уақытын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыруға бағытталған ауқымды жұмыстармен басталды. Осы мақсатта аудан мектептерінде 13 мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын бастап, оқушыларды қабылдауда.

Биылғы жазғы демалыс шараларымен жалпы 1440 оқушыны қамту жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 660 балаға ерекше көңіл бөлініп, олардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалуда.
Ұзақтығы 15 күнді құрайтын мектеп жанындағы лагерьлер екі ауысымда жұмыс істейді. Алғашқы ауысымға қатысқан 700-ге жуық оқушы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізіп, түрлі танымдық және шығармашылық іс-шараларға қатысуда. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердегі спорттық алаңдарда кешкі уақытта ұйымдастырылатын спорттық шараларға 180 оқушы тұрақты түрде қатысып келеді.
Лагерь бағдарламасы балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Демалушылар үшін нейрогимнастикалық жаттығулар, құм терапиясы, «Судоку» ойыны арқылы ойлау қабілетін дамыту сабақтары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ робототехника, STEM және жасанды интеллект бағытындағы шығармашылық зертханалар жұмыс істейді.

Бағдарлама аясында «Ұшқыр ой алаңы» пікірсайыс ойындары, «Театр және балалар» жобасы бойынша рөлдік қойылымдар, «Проф Time» кәсіби мамандармен кездесулер, «Eco Life» экологиялық шаралары және «Достық экспедициясы» аясындағы танымдық сапарлар жүзеге асырылуда.
Мұндай мазмұнды жазғы демалыс балаларға жаңа достар табуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және пайдалы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Май ауданындағы Жаз–2026 маусымы оқушылар үшін жарқын әсерлер мен ұмытылмас сәттерге толы болмақ.