Ақсу өңірінде 9000-нан астам бала жазғы демалыспен қамтылуда
Ақсу өңірінде 2026 жылғы жазғы маусым балалардың демалысын, сауықтыруын және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстармен ерекшеленуде. Білім бөлімінің мәліметінше, жалпы 10 815 баланың 9 151-і түрлі демалыс және жұмыспен қамту формаларымен қамтылып, бұл 84 пайызды құрайды.
Өңірде 1–11 сыныптарда 11 154 оқушы, ал 1–10 сыныптарда 10 815 оқушы білім алады. Жазғы демалысты ұйымдастыру мақсатында 25 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді, онда 4040 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген демалысқа қатысады.
Сонымен қатар жаңа форматтағы лагерьлер де жұмыс істейді: бір киіз үй лагері (СШ «Береке») және екі палаткалық лагерь (СШ «Калкаман», СШ «Уштерек») балаларға ұлттық тәрбие мен табиғат аясындағы демалысты ұштастыруға мүмкіндік береді. IT бағытындағы жазғы лагерьлер Абай атындағы және Ы. Алтынсарин атындағы мектептер базасында ұйымдастырылуда.
Әлеуметтік қолдау мен демеушілік қаражат есебінен де кең ауқымды қамту қамтамасыз етілген. «Мечта» лагерінде 920 бала, ал «ЭкоАлем» экологиялық-техникалық орталығында 360 бала демалады. Сонымен қатар «Балдаурен» (Бурабай) орталығына 6 оқушы, «ЖасДәурен» (Баянауыл) орталығына 225 оқушы жіберіледі.
«Балаға жолдама сыйла» акциясы аясында 113 жолдама қарастырылған. Оқушылардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында экскурсиялық турлар да ұйымдастырылады: Алғабас ауылдық округі мен Баянауыл ауданындағы киелі орындарға 305 оқушы, ал Павлодар қаласына музейге 120 оқушы барады.
Өңірдегі барлық 25 білім беру ұйымында жазғы демалыс жобалары түрлі бағытта жүзеге асуда. Олардың қатарында «Smart Summer – білім әлемі», «AI Kids: миыңды шыңда», «Лето в режиме SMART: миссия «Адал бала»», «Активный интеллект», «Эко-әлемге саяхат», «The Books», «Жас сарбаз – expedition», «Ұлы дала рухы», «Юные инженеры зелёного будущего», «Art-time», «Экотехнолето», «Bloger Camp» және басқа да жобалар бар.
Бұл бағдарламалар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, экологиялық мәдениетін арттыруға, заманауи технологияларды меңгеруге, спорттық және танымдық белсенділігін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар қауіпсіз, мазмұнды және тиімді демалыс ортасын қалыптастыру басты мақсат болып отыр.
Қазіргі таңда жазғы жобалармен қамтылған балалар саны 8 817-ге жетіп, Ақсу өңіріндегі жазғы демалыс маусымы ауқымды әлеуметтік-білім беру жобасына айналуда.
Загрузка...

