«Отбасы Time»: Екібастұзда 10 мыңға жуық отбасы ашық аспан астында мультфильм тамашалайды

Гаджеттердің орнына – отбасылық кеш. Осы жазда Екібастұз өңірінің мектептері мен қосымша білім беру ұйымдары балалар мен ата-аналарды, ата-әжелерді бір ортаға тоғыстыратын «Отбасы Time» жобасын жүзеге асырады.

Ашық аспан астындағы мультфильм көрсетілімдері өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының бастамасымен «Адал азамат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылуда. Жоба отбасылық құндылықтарды нығайтуға және балалар мен ересектер арасындағы жылы әрі мазмұнды диалогты дамытуға бағытталған.

– Көрсетілімдер үшін достық, жауапкершілік, сыйластық, мейірімділік пен жақындарға қамқорлық сияқты құндылықтарды дәріптейтін мультфильмдер таңдалды. Сонымен қатар қатысушыларға арнайы «Кеш сұрағы» карточкалары ұсынылады. Оның көмегімен отбасы мүшелері мультфильмнің мазмұнын, кейіпкерлердің іс-әрекетін және онда көтерілген өмірлік жағдайларды бірге талқылай алады, – деді ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының үйлестірушісі, «Қайнар» ББК әдіскері Дана Құмарбекова.

Оның айтуынша, бұл сұрақтар балалар мен ересектердің өз ойларымен бөлісіп, бір-бірінің көзқарасын жақсырақ түсінуіне мүмкіндік береді. Осылайша мультфильм көру жай ғана демалыс емес, отбасылық әңгіме мен жаңа дәстүрлердің бастауына айналады.

Жобаның алғашқы пилоттық көрсетілімі Халықаралық балаларды қорғау күні өтті. Бұл күні Екібастұз өңіріндегі мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының аумақтарында алғашқы отбасылық кинокөрсетілімдер ұйымдастырылды.

Жаз бойы «Отбасы Time» жобасына Екібастұз өңірінен 10 мыңға жуық отбасының қатысуы жоспарланып отыр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий