Павлодар облысының болашағы – білімді де дарынды жастардың қолында

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесіп, өңірдің абыройын білім додаларында асқақтатқан жас зияткерлерге құрмет көрсетті.

Салтанатты кездесуде өңір басшысы оқушыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың табандылығы, еңбекқорлығы мен білімге деген құштарлығы зор нәтижелерге жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ жас дарындардың жеңістері бүкіл Павлодар өңірінің мақтанышы екенін айтып, олардың жетістіктері өскелең ұрпақтың зор әлеуетін айқын көрсететінін жеткізді.

Биылғы оқу жылы Павлодар облысының білім саласы үшін табысты болды. Өңір оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми-зияткерлік байқауларда 307 медаль жеңіп алды. Оның ішінде халықаралық деңгейдегі 56 марапат – павлодарлық оқушылардың әлемдік білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігінің айқын дәлелі.

Облыс құрамасының республикалық олимпиададағы жетістігі ерекше мақтанышқа айналды. Білім сайысының қорытындысы бойынша команда 9 алтын, 17 күміс және 19 қола медаль иеленіп, еліміздегі «Үздік олимпиадалық команда – 2026» атағына лайық деп танылды.

Іс-шара барысында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сыйақы сертификаттары табысталды.

Бүгінде Павлодар облысы олимпиадалық қозғалысты дамыту бойынша еліміздің көшбасшы өңірлерінің бірі саналады. Оқушылардың жоғары жетістіктерінің негізінде педагогтердің жүйелі еңбегі, ата-аналардың қолдауы және дарынды балаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жатыр.

Жас зияткерлердің әрбір жеңісі – өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің жетістігі. Сондықтан Павлодар облысы дарынды жастарды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий