Павлодарлық жас техниктер республикалық жарыста жүлдегер атанды
Ағымдағы жылдың 3–4 маусым күндері Орал қаласында техникалық шығармашылық және өнертапқыштық бойынша республикалық жарыс өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген жас өнертапқыштар, конструкторлар мен техникалық бағыттағы үйірмелердің тәрбиеленушілері қатысты.
Жарыстың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің ғылыми-техникалық шығармашылыққа қызығушылығын арттыру, инженерлік ойлау қабілетін дамыту, олардың шығармашылық әлеуетін ашу және болашақ мамандықтарын таңдауға бағыт беру. Сонымен қатар жарыс техникалық білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік берді.
Павлодар облысының намысын Балалар техникалық мектебінің тәрбиеленушілері Шамиль Мехновцев, Глеб Иванык, Данил Тарол, Кирилл Кудрявцев, Матвей Рощенко, Даниил Батюхно, Марк Трынов, Михаил Рощенко және Александр Мирошниченко қорғады. Команданы тәжірибелі педагогтер Сергей Федорович Соц пен Рафаиль Газинурович Тукаев дайындады.
Жас техниктер бірнеше бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, радиобасқарылатын автомодельдер, авиамодельдеу, дрондар жарысы, кеме модельдеу және зымыран модельдеу санаттарында өздерінің білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар модельдерді құрастыру, басқару және жарыс барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін өздерінің техникалық дайындығын дәлелдеді.
Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар облысының Балалар техникалық мектебінің командасы жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның 17 өңірлік командасы арасында жалпыкомандалық есепте III орынға ие болды. Бұл жетістік оқушылардың табанды еңбегі мен педагогтердің сапалы дайындығының нәтижесі болды.
Республикалық деңгейдегі бұл жеңіс Павлодар облысында техникалық шығармашылықтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Осындай байқаулар жасөспірімдердің ғылым мен техникаға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақта инженерлік және техникалық мамандықтарды таңдауға деген ынтасын күшейтеді.
Павлодарлық жас техниктердің жетістігі өңірдің абыройын асқақтатып, олардың алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыратынына сенім ұялатады.
Загрузка...

