Киелі жерге тағылымды саяхат
Жазғы демалыс кезеңінде Аққулы ауданының 15 астам оқушылары мен педагогтері тәрбиелік және танымдық жоспар аясында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесіне саяхат жасап қайтты.
Сапардың басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу, туған өлкенің тарихы мен мәдени мұрасын таныстыру, рухани тәрбие беру болды. Экскурсия барысында қатысушылар қазақтың көрнекті ақыны, ағартушысы, шежірешісі әрі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы тың мәліметтермен танысты.
Кесене аумағын аралаған оқушылар киелі орынның тарихы жөнінде мағлұмат алып, халқымыздың рухани қазынасына айналған тұлғаның еңбектерінің маңызын тереңірек түсінді. Сапар барысында балалар туған жердің қасиетті орындарына деген құрметтің, тарихи сананы қалыптастырудың және ұлттық рухты нығайтудың мәнін сезінді.
Педагогтердің айтуынша, мұндай танымдық экскурсиялар жас буынның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың ел тарихына, әдебиетіне және мәдениетіне деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, оқушылар табиғат аясында серуендеп, әсерлі сәттерге толы күн өткізді.
Киелі мекенге ұйымдастырылған бұл тағылымды сапар қатысушылардың жадында жарқын естелік болып сақталып, олардың рухани дамуына оң ықпал етті. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайта беретіні сөзсіз.
Загрузка...