Баянауылға саяхат – рухани байлыққа бастар жол

Жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың рухани-танымдық көкжиегін кеңейту және туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Жаз–2026» жобасы аясында тағылымды экскурсия ұйымдастырылды.

М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің «Аталар мектебі» мен «Әкелер мектебінің» бастамасымен өткен саяхатқа 30 оқушы мен 15 педагог қатысты. Экскурсия бағыты Павлодар өңірінің інжу-маржаны саналатын Баянауыл ауданына арналды.

Сапар барысында қатысушылар қазақтың ұлы ойшылы, ағартушысы әрі ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі мен музейін аралап, оның бай рухани мұрасымен танысты. Оқушылар халқымыздың тарихи тұлғалары туралы тың мәліметтер алып, ұлттық құндылықтардың маңызын тереңірек түсінді.

Экскурсия аясында балалар табиғаты тамылжыған Сабындыкөл жағалауында болып, Баянауылдың көркем келбетін тамашалады. Сонымен қатар ел қорғаған ерлігімен тарихта қалған Жасыбай батырдың құрметіне аталған Жасыбай жағажайына барып, батырдың ерлік жолы туралы мәліметтер алды.

Саяхатшылар Торайғыр ауылындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, қасиетті бұлақ басында болып, туған өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін толықтырды. Әсем табиғат пен тарихи орындардың үйлесімі оқушыларға ерекше әсер сыйлап, олардың туған жерге деген мақтаныш сезімін арттырды.

Тарих пен тағылымға, таным мен тәрбиеге толы бұл экскурсия балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, туған өлкенің мәдени-рухани мұрасын құрметтеуге бағытталған маңызды шара болды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий