Жазғы демалыс – жаңа мүмкіндіктер алаңы!
Май ауданы Көктөбе жалпы орта білім беру мектебінің «Qadam» бейіндік лагерінде оқушылар уақыттарын тиімді әрі мазмұнды өткізуде. Лагерь жұмысына мектептің 10 оқушысы қатысып, заманауи медиа саласының қыр-сырын меңгеруге белсенді атсалысуда.
Арнайы жабдықталған телестудияда жұмыс жасайтын мобилография тобы жас әрі креативті педагог Нұрбол Саулехановтың жетекшілігімен бейне түсіру, кадр құру, монтаждау және сапалы контент әзірлеу дағдыларын үйренуде. Сонымен қатар, оқушылар Grok және басқа да жасанды интеллект құралдарының мүмкіндіктерімен танысып, оларды шығармашылық жұмыстарында қолдануды меңгеруде.
Сабақ барысында қатысушылар CapCut бағдарламасындағы түрлі эффектілер мен фильтрлерді, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі функцияларды пайдаланып, заманауи видеоконтент дайындаудың әдістерін игеріп жатыр.
Телестудия кәсіби жабдықтармен қамтамасыз етілген: жарық беруге арналған шамдар, хромакей жасыл фоны, Nikon кәсіби камерасы, Holyland микрофондары және бейнемонтаж жасауға арналған қуатты компьютерлер оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда цифрлық технологияларды меңгеру – уақыт талабы. Сондықтан «Qadam» бейіндік лагері оқушыларға тек қызықты демалыс сыйлап қана қоймай, болашақта қажет болатын маңызды дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасап отыр.
Жазғы демалыс – демалыс қана емес, даму мен жаңа жетістіктерге бастар қадам!
Загрузка...
