Қалдықтан өнімге: Орлов мектебінде «Экоферма 4.0» жобасы жүзеге асырылмақ
Шарбақты ауданының Орлов ауылдық округі тұрғындары үшін қуанышты жаңалық! Орлов жалпы орта білім беру мектебінің педагогі Татьяна Мандрыка әзірлеген «Экоферма 4.0» жобасы ауылдық үкіметтік емес ұйымдарға арналған шағын гранттар байқауының жеңімпазы атанды. Бастаманы іске асыруға 600 мың теңге көлемінде грант бөлінеді.
Жоба калифорниялық құрттардың көмегімен органикалық қалдықтарды биогумусқа өңдейтін мектеп жанындағы шағын ферма құруды, сондай-ақ Arduino платформасы негізінде автоматтандырылған суару жүйесімен жабдықталған «ақылды жылыжай төсегін» ұйымдастыруды көздейді.
Жобаға 5–9 сынып оқушылары қатысады. Олар экологиялық егіншіліктің негіздерін тәжірибе жүзінде меңгеріп, органикалық қалдықтарды қайта өңдеуді, ылғалдылық датчиктерімен, автоматты суару жүйелерімен жұмыс істеуді және бағдарламалаудың бастапқы элементтерін үйренеді. Сонымен қатар оқушылар жобалық қызмет, командалық жұмыс және техникалық шығармашылық дағдыларын дамытады.
Жоба авторы Татьяна Мандрыканың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – заманауи технологиялардың экологиялық мәселелерді шешуге және қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыруға қалай көмектесетінін балаларға көрсету.
– Бүгінде балалардың экологиялық мәдениетін нақты істер арқылы қалыптастыру аса маңызды. Бұл жоба оқушыларға қалдықтарды өңдеуден бастап сапалы биогумус алуға және өсімдіктер өсіруге дейінгі толық үдерісті көруге мүмкіндік береді. Жобаға қатысу олардың қабілеттерін ашып, агроэкология мен биотехнология саласындағы болашақ мамандықтарға қызығушылығын арттырады әрі қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін сезінуге ықпал етеді, – дейді педагог.
Жобаны жүзеге асыруға оқушылармен қатар педагогтер, ата-аналар және ауыл тұрғындары да тартылады. Жалпы қамту көлемі шамамен 100 адамды құрайды. Алынған биогумус аумақты көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарында, сондай-ақ түрлі экологиялық акциялар аясында пайдаланылатын болады.
Жобаның серіктестері ретінде Шарбақты ауданы Орлов ауылдық округі әкімінің аппараты мен «Победа» ЖШС қолдау көрсетуде.
Гранттық байқаудағы жеңіс ауылдық жерлердегі экологиялық білім беруді дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл бастама экологияны, ғылымды және заманауи технологияларды ұштастыратын тың жобаны өмірге енгізуге мүмкіндік береді.
Загрузка...