Май ауданының педагогтері шағын гранттар байқауының жеңімпазы атанды
Иманов атындағы мектептің педагогтері Берік Ескендиров, Шынарай Қожаханова, Айгүл Мұхамедиярова және Гаухар Балкенова Павлодар облысының үкіметтік емес ұйымдарына арналған Азаматтық ресурстық орталықты дамыту және ауылдық ҮЕҰ үшін шағын гранттарды іске асыру жөніндегі әлеуметтік жоба аясында ұйымдастырылған байқауда жеңімпаз атанып, 600 000 теңге көлеміндегі шағын грант иегері болды. Жобаны «Павлодар облыстық азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығы ұйымдастырды.
Байқауға педагогтер «Өлкетану — өнеге мектебі» атты әлеуметтік жобаны ұсынды. Жоба оқушылар арасында өлкетану туризмін дамытуға және жас ұрпақтың туған өлкенің тарихына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жобаның басты мақсаты – теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру. Ол үшін экспедициялар, зерттеу жұмыстары және заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Жоба аясында оқушылар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеп, интерактивті экскурсиялар мен квесттерге қатысады, бейнероликтер дайындайды, гид қызметінің негіздерін меңгереді және тарихи нысандарды сақтауға бағытталған волонтерлік акцияларға атсалысады.
Жоба барысында «Тарих соқпақтары» туристік маршруттарын әзірлеуге, «Жас гид» мектебін құруға, тарихи экспедициялар ұйымдастыруға және әлеуметтік желілерде өлкетану бағытындағы контентті насихаттауға ерекше назар аударылады.
Жоба авторларының пікірінше, бүгінгі таңда балалардың тарихты тек оқулықтан оқып қана қоймай, оны көзбен көріп, тікелей танып-білуіне мүмкіндік жасау аса маңызды.
– Біз Отанға деген сүйіспеншілік туған жерден басталады деп есептейміз. Бұл жоба оқушыларға тарихты өз көзімен көруге, ұрпақтар сабақтастығын сезінуге және мәдени мұраның құндылығын терең түсінуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде әрбір қатысушы өз өлкесінің тарихы мен дәстүрін мақтанышпен насихаттай алатын туған жерінің шынайы жанашырына айналады, – дейді жоба авторлары.
Аталған бастаманың жүзеге асуы патриоттық тәрбиені нығайтуға, ішкі туризмді дамытуға және жастар арасында тарихи жадыны сақтауға маңызды үлес қоспақ.
Загрузка...