Колледж кітапханаларын дамытудың жаңа бағыттары

Қазіргі кезеңде қоғам өмірінің барлық саласында болып жатқан қарқынды өзгерістер білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе цифрлық технологиялардың дамуы, жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданылуы және ақпараттық ресурстардың үнемі артып отыруы кітапхана қызметінің мазмұны мен ұйымдастырылуына елеулі ықпал етуде. Бұл өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының кітапханаларына да қатысты. Бүгінгі колледж кітапханасы дәстүрлі түсініктегі кітап сақтайтын орын ғана емес, білім алушылардың ақпараттық сауаттылығын қалыптастыратын, цифрлық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін, оқу мәдениетін дамытатын және интеллектуалдық әлеуетті арттыруға ықпал ететін заманауи білім беру орталығына айналып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы еліміздің инновациялық даму бағытын айқындап қана қоймай, білім беру ұйымдары мен кітапханалардың жұмысын жаңа деңгейге көтерудің стратегиялық негізін қалыптастырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы кітап оқу мәдениетін нығайтуға, кітапханалардың қоғамдағы рөлін арттыруға және интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған маңызды мемлекеттік құжат ретінде қабылданды.

Аталған Жарлықта кітапханаларды заман талабына сай дамыту, халықтың кітапқа қолжетімділігін кеңейту, оқу мәдениетін қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу, бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыру және жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Құжатта кітаптың тек білім көзі ғана емес, ұлттың рухани және мәдени дамуының негізі екендігі атап көрсетіліп, кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік маңызы бар міндет ретінде белгіленді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда білім беру ұйымдарының кітапханаларына, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының кітапханаларына үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Осы мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 2026 жылғы 4-5 маусым күндері Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің үйлестіруімен және Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Цифрлық трансформация: колледж кітапханаларының қызметін заманауи жаңғырту» тақырыбындағы республикалық семинар өткізілді. Семинар жұмысына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, министрлік өкілдері, кітапхана саласының мамандары, отандық баспалар, республика өңірлерінен 100-ден астам маман қатысты.

Бұл семинар Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан маңызды кәсіби алаңдардың бірі. Жыл сайын республиканың әртүрлі өңірлерінде ұйымдастырылатын мұндай кездесулер колледж кітапханашыларының кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және кітапхана саласындағы жаңа үрдістермен танысуға мүмкіндік береді. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы осындай кәсіби кездесулердің маңыздылығын айқын көрсетіп отыр.

Қазіргі таңда колледж кітапханалары дәстүрлі қызмет көрсетумен ғана шектелмей, білім беру процесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналуда. Колледж кітапханасының негізгі міндеті тек кітап қорын сақтау және пайдаланушыларға ұсыну емес, сонымен қатар студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, цифрлық сауаттылығын дамыту, ғылыми ізденіске баулу және үздіксіз білім алуға ынталандыру.

Семинар барысында колледж кітапханаларын цифрландыру, кітапхана қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдалану және заманауи цифрлық ресурстарды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар кітапхана қызметін ұйымдастырудағы жаңа тәсілдермен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Бүгінгі күні цифрлық технологиялар кітапхана жұмысын әлдеқайда тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары жасанды интеллект технологиялары кітапхана саласында ерекше маңызға ие болып келеді. Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу, жүйелеу, іздеу, талдау және пайдаланушылардың сұраныстарына жедел жауап беру бағыттарында кең мүмкіндіктер ұсынады. Семинар барысында бұл мәселе ерекше назарға алынып, кітапхана тәжірибесінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдары жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар жасанды интеллекттің кітапхана жұмысының көптеген бағытын жетілдіруге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Бүгінгі күні кітапханашылар жасанды интеллект көмегімен библиографиялық тізімдер дайындай алады, ақпараттық анықтамалар жасай алады, кітап көрмелерінің сипаттамаларын әзірлей алады, оқырмандарға арналған ұсынымдық материалдар құрастыра алады, іс-шаралардың бағдарламаларын дайындай алады және түрлі ақпараттық өнімдер шығара алады.

Жасанды интеллекттің кітапхана саласындағы басты артықшылықтарының бірі – уақытты үнемдеу. Көптеген техникалық және қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру арқылы кітапханашылар өз уақытын шығармашылық жобаларға, пайдаланушылармен жұмысқа және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағыттай алады. Бұл кітапханашының кәсіби қызметін жаңа деңгейге көтеріп, оның білім беру процесіндегі рөлін күшейтеді. Сондықтан бүгінгі күні жасанды интеллект технологияларын меңгеру кітапхана мамандары үшін кәсіби қажеттілікке айналып отыр.

Семинар аясында ақпараттық технологиялар саласының мамандары колледж кітапханаларына арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін таныстырды. Қатысушылар кітапхана қорын есепке алу, цифрлық ресурстарды басқару, статистикалық мәліметтерді қалыптастыру және пайдаланушыларға қашықтан қызмет көрсету бағытындағы заманауи шешімдермен танысты. Бұл жүйелер кітапхана жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, басқару тиімділігін арттыруға және ақпараттық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Семинар барысында ерекше қызығушылық тудырған баяндамалардың бірі Түркістан облысының тәжірибесіне арналды. Әріптестер жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқыту барысында кітап оқуды ықпалдастыру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл тәжірибеде физика, химия, биология, информатика және география пәндерін оқыту кезінде ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеттерді пайдалану арқылы студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырудың тиімді тәсілдері көрсетілді.

Семинар барысында отандық баспалардың қатысуымен кітап көрмесі ұйымдастырылып, колледждерге арналған жаңа оқу, ғылыми және көркем әдебиеттер таныстырылды. Баспалар өздерінің соңғы басылымдарын ұсынып, кітап қорын толықтырудың жаңа мүмкіндіктерімен бөлісті. Бұл кітапханашылар үшін білім беру бағдарламаларына сәйкес келетін әдебиеттерді іріктеуге және қорды жаңарту мәселелерін талқылауға жақсы мүмкіндік болды.

Екі күнге созылған семинар барысында қатысушылар мазмұнды баяндамалар тыңдап қана қоймай, кәсіби пікір алмасуға белсенді қатысты. Кітапханашылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасты. Әртүрлі өңірлердегі тәжірибелер салыстырылып, тиімді жұмыс үлгілері талқыланды. Мұндай ашық кәсіби диалог кітапхана саласының дамуына жаңа серпін беріп, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Ақтау қаласында өткен республикалық семинар аталған міндеттерді жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Семинар барысында көтерілген мәселелер, ұсынылған тәжірибелер мен инновациялық шешімдер колледж кітапханаларының болашақ даму бағдарын айқындап берді. Қатысушылар үшін бұл кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, жаңа идеялар мен бастамалардың қайнар көзіне айналды. Нәтижесінде семинар мазмұнды әрі нәтижелі аяқталып, колледж кітапханаларын дамытуға бағытталған жаңа бастамаларға негіз қалады. Осындай республикалық деңгейдегі кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, кітапхана саласының кәсіби дамуына, оқу мәдениетін нығайтуға және еліміздің зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға қызмет ететіні сөзсіз.

 Алия САЙДЕМБАЕВА,
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми- педагогикалық кітапханасының директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий