Атырауда «CADskills-2026» чемпионаты сәтті өтті

«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында колледжде екінші рет 31 мамыр мен 3 маусым аралығында «CADskills-2026» республикалық жолдастық чемпионаты өткізілді.

Чемпионат WorldSkills имиджін қалыптастыру, жұртшылық, әсіресе жастар арасында оның беделін арттыру, өңірдегі сарапшылар мен кәсіпорын өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық стандарттарға сай кәсіби құзыреттілікті дамытуға бағытталды.

Әлемдік WSK сайыстары арасында өзіндік орны бар «Инженерлік графика – CAD» құзыреттілігі колледжге жақсы таныс. Айта кетсек, 2017-2025 жылдар ішінде оқу орны Ұлттық чемпионатта 1 күміс, 4 қола және бірнеше рет «Үздік маман» атақтарын иеленсе, халықаралық сайыстарға жолдама алып, Гданьск (Польша, 2023 жыл) және Лион (Франция, 2025 жыл) додаларында «Үздік маман» атанып, жетістіктерге қол жеткізді. Енді колледж осындай сайыстарға қатысушы болып қана қоймай ұйымдастырушы ретінде де белсенділік көрсетіп отыр.

Чемпионатта арнайы белгіленген ережелерге сәйкес тапсырмалар мен оларды орындау және тексеруде барлық рәсімдер сақталып, әр күнгі модуль сол күні бағаланып отырды.

Сарапшылар өлшемдердің дәлдігін, CAD бағдарламасының модельдеу логикасы мен жылдамдығын, сызбаларды рәсімдеуде қателіктердің болмауын, техникалық тапсырманың дұрыс орындалуын талапқа сай бағалады.

Негізгі үш күннің алғашқы күнгі тапсырмасы бойынша А модулі – 3D модельдеу арқылы механикалық құрастыру бойынша жұмыс жасалды.

Екінші күні сайысқа қатысушылар механикалық құрастыру бойынша «В» модулі тапсырмасымен жұмыс жасады – яғни, механикалық құрастыруда жеке бөлшектерді бір механизмге біріктіріп, олардың өзара жұмыс істеуі тексерілді.

Сайыстың үшінші күнгі тапсырма С модулі – физикалық модель бойынша кері жобалауға арналды. Қатысушыларға арнайы өлшеу құралдары және дайын бөлшек беріліп, уақыты белгіленді.

Сайыс барысында қатысушылар мен сарапшылардың арасында өзара сенімділікті арттыру және өңіраралық достық байланыс орнату үшін «Team building through sports» (спорт арқылы команда қалыптастыру) шарасы ұйымдастырылып, қызықты өткізілді.

Жарысқа Алматы қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау облыстарынан 30 қатысушы-студент пен олардың сарапшылары қатысқан болатын.

Қорытынды кезеңде үздіктер анықталып, жүлделі орындар иеленген қатысушылар марапатталды. І орынды Түркістан облысындағы А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледжден Ашурматова Зумрад жеңіп алса, ІІ орын Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінен Серікбаев Әли Маралұлына бұйырды. Ал ІІІ орынды Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінен Әмірсана Алтынбек иеленді.

Сондай-ақ кәсіби шеберлігімен ерекшеленген қатысушыларға «Үздік маман» медальондары табысталды. Бұл марапат Теміртау политехникалық жоғары колледжінен Евгений Евсеевке, Кентау политехникалық колледжінен Илья Крохмальға, Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-техникалық колледжінен Жаңыл Тастемірге, Көкшетау жоғары техникалық колледжінен Рахат Битимисовке және Ақтау қаласындағы Есенов колледжінен Мирас Исенбайға берілді.

Сайыстың кең сипат ала бастауы оған жұмыс берушілер, серіктес мекемелер, кәсіпорындар, жанашырлар, демеушілер қатарының көбейе түскенінен де байқалды. Сондай-ақ чемпионаттың демеушілері болған «Maxwell Projects» ЖШС-не, «Forte Банк» АҚ мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалдарына ризашылығымызды білдіреміз.

С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің баспасөз қызметі, Атырау облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий