Ақ халатты абзал жандарға алғыс

Өмір мен өлім бетпе-бет келетін сын сағаттарда адамның бар үміті Жаратқаннан кейін ақ халатты абзал жандарға артылатыны рас. Адам өміріне араша түсіп, саулық сыйлау – кез келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік пен асқан кәсібилікті талап ететін қасиетті мамандық.

Біздің отбасымыз да осындай қиын кезеңдерді бастан өткерді. Сол сәттерде өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеген білікті дәрігерлердің арқасында мен де, жақын туыстарым да ажал аузынан аман қалдық. Сондықтан Медицина қызметкерлері күні қарсаңында жүрекжарды алғысымды білдіруді азаматтық парызым деп санаймын.

Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургі Данияр Керімқұлұлына, UMC Жүрек орталығының интервенциялық кардиохирургі Қайсар Серікұлына, сондай-ақ Ұлттық ғылыми онкология орталығының хирургтері Талғат Аманжолұлы мен Аида Фазылқызына шынайы ризашылығымды жеткіземін.

Сіздердің медицина саласына кездейсоқ келмегендеріңізге, өз мамандықтарыңыздың нағыз майталман иелері екендеріңізге өмірдің өзі талай мәрте көз жеткізді. Әр науқастың тағдырына бейжай қарамай, кәсіби біліктілік пен адамгершілікті қатар ұстанып жүрген еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық.

Аналық жүрегіммен әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Ем-домдарыңыз шипалы, қолдарыңыз жеңіл болып, мыңдаған жанның алғысына бөлене беріңіздер. Еңбектеріңіз жоғары бағаланып, абырой-беделдеріңіз арта түссін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

 Ізгі тілекпен,
Саржановтар отбасы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий