Тарих пен технология тоғысындағы ізденіс

Өткеннің өнегесін бүгінгі заманның жаңалығымен ұштастыра білген жас дарынның бірі – Атыраудағы NIS оқушысы Шырын Жасенова. Ол тарихты тек оқулық бетінде емес, терең зерттеу мен цифрлық мүмкіндіктер арқылы жаңаша танып жүрген алғыр жастардың қатарында. Шырынның ізденісі Бопай ханымның тағдырлы өмірі мен тарихи тұлғасын зерттеуден бастау алып, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен толықтырылған тың ғылыми жобаға ұласты. Бұл еңбегі республикалық әрі халықаралық деңгейдегі байқауларда жоғары бағаланып, бірнеше мәрте жүлдеге ие болды. Білім мен шығармашылықты қатар серік еткен жас зерттеуші мобилография саласында да өзін танытып, көзқарасын көркем бейнеге айналдыра білген. Болашағын медицина саласымен байланыстырған Шырын – тарихқа құрметпен қарап, технологияны мүмкіндіктің тіліне айналдыра білген бүгінгі буынның жарқын өкілі. Оның ізденіс жолы – талап пен талғам тоғысқан жаңа дәуірдің көрінісі.

– Шырын, сізбен сұхбат барысында кездескенімізге өте қуаныштымыз! Алдымен өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз. Шырын қандай оқушы, қандай армандары мен қызығушылықтары бар?

– Сәлеметсіз бе! Менің есімім – Шырын Жасенова. Мен Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысымын.

Бос уақытымда кітап оқып, түрлі жобалармен айналысқанды жақсы көремін. Болашақта өз саламның білікті маманы болып, қоғамға пайда келтіргім келеді. Арманым – үздіксіз дамып, алдыма қойған мақсаттарыма жету. Осының арқасында көптеген жетістіктерге жеттім.

– Бүгінгі жетістіктеріңізге отбасыңыздың ықпалы қандай болды? Ата-анаңыздан алған ең маңызды өмірлік сабақ қандай?

– Бүгінгі жетістіктерімнің негізінде отбасымның қолдауы мен тәрбиесі жатыр. Ата-анам маған әрқашан оқу мен білімнің маңызын түсіндіріп, еңбектенуден қорықпауға үйретті. Олар мені кез келген бастамамда қолдап, өз күшіме сенуге жігерлендірді. Ата-анамнан алған ең маңызды сабақ – қандай жағдайда болса да адал болу, еңбекқорлық таныту және ешқашан берілмеу. Олар маған жетістікке жетудің ең дұрыс жолы – табандылық пен үздіксіз еңбек екенін үйретті.

– Сіз білім алып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің өміріңіздегі орны қандай? Бұл орта сіздің дамуыңызға қалай әсер етті?

– Назарбаев Зияткерлік мектебі мен үшін тек білім алатын орын ғана емес, мүмкіндіктер мекені. Бұл мектеп маған терең әрі сапалы білім беріп қана қоймай, өз қабілеттерімді жан-жақты дамытуға жол ашты. НЗМ-де түрлі ғылыми жобаларға, олимпиадаларға, байқаулар мен қоғамдық шараларға қатысуға мүмкіндік алдым. Осындай орта өзіме деген сенімділігімді және сыни ойлау қабілетімді арттырып, көшбасшылық, жауапкершілік және командада жұмыс істеу дағдыларымды дамытуға көмектесті.

– Жетістікке жету жолында ұстаздардың рөлі ерекше. Сізге бағыт-бағдар беріп, шабыт сыйлаған ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Жетістікке жету жолында ұстаздардың орны ерекше деп ойлаймын. Мен үшін сондай ұстаздардың бірі – тарих пәнінің мұғалімі Тулешова Айтолқын Байжанқызы. Оның сабақтары тарихты жай ғана жаттап алу емес, өткенді түсініп, одан сабақ алуға үйретеді. Апайдың қолдауы мен сенімі маған өз күшіме сенуге, жаңа мүмкіндіктерден қорықпауға көмектесті. Қандай бастама көтерсем де, бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол көрсетуге дайын тұрады. Осындай ұстаздардың арқасында өзімді жан-жақты дамытып, болашақ мақсатыма сенімді қадам жасап келемін.

– Тарих пен жасанды интеллектті ұштастырған Бопай ханым туралы ғылыми жобаны қолға алуға не түрткі болды?

– Бұл жобаны қолға алуыма, ең алдымен, тарихқа деген қызығушылығым және ұлттық тарихымыздағы көрнекті тұлғаларды жаңа қырынан танытуға деген ұмтылысым себеп болды. Бопай ханым – қазақ тарихында ерекше орны бар, бірақ тұлғасы әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін тарихи қайраткерлердің бірі.

Қазіргі таңда жасанды интеллект түрлі салаларда кеңінен қолданылып жатқандықтан, оны тарих ғылымымен ұштастырып көру қызықты болды. Мен Бопай ханымның өмірі мен қызметін зерттей отырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тарихи ақпаратты заманауи форматта ұсынуға болатынын көргім келді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мен тарихи тұлғалардың мұрасын жастарға жаңаша таныстыру да жобаның басты мақсаттарының бірі болды.

– Бопай ханымның өмір жолын зерттеу барысында сізді таңғалдырған немесе ерекше әсер қалдырған қандай деректер болды?

– Бопай ханымның өмір жолын зерттеу барысында мені ең қатты таңғалдырғаны – оның сол кезеңдегі саяси үдерістерге белсенді араласып, мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерге ықпал ете алған тұлға болуы. Көп жағдайда XVIII ғасырдағы қазақ қоғамында әйелдердің рөлі шектеулі болды деген пікір қалыптасқанымен, Бопай ханымның қызметі бұл түсініктің толық емес екенін көрсетеді.

Әсіресе, оның Ресей патшайымы Анна Иоанновнаға және Елизавета Петровнаға хат жолдауы ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар Орынбор әкімшілігімен жүйелі түрде хат алмасып отырғаны оның дипломатиялық және саяси істерге белсенді қатысқанын дәлелдейді.

Осы деректерді зерттей отырып, Бопай ханымның тек Әбілқайыр ханның жары ғана емес, ел тағдырына ықпал еткен көреген саясаткер болғанын түсіндім. Сондай-ақ бұл деректер сол кезеңнің өзінде қазақ қоғамындағы әйелдердің саяси және қоғамдық өмірдегі рөлі жоғары болғанын көрсетеді. Мен үшін ең таңғаларлығы – Бопай ханымның өз дәуіріндегі маңызды шешімдерге араласып, қазақ тарихында ерекше із қалдырған тұлға ретінде көрінуі болды.

– Тарихи тұлғаны заманауи технологиялар арқылы зерттеу идеясы қалай пайда болды? Жобаңыздың басты жаңашылдығы неде?

– Бұл идея менің тарихқа деген қызығушылығымнан пайда болды. Қазіргі кезде жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатқандықтан, оны тарихпен байланыстырып көру қызықты болды. Сондықтан Бопай ханым сияқты тарихи тұлғаны зерттеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануды жөн көрдік.

Жобаның басты жаңашылдығы – тарих пен жасанды интеллектті біріктіруінде. Көп жағдайда тарихи тұлғалар туралы зерттеулер дәстүрлі түрде жүргізіледі, ал біз заманауи технологияларды пайдалана отырып, Бопай ханымның өмірі мен қызметін жаңа қырынан көрсетуге тырыстық. Бұл жоба маған тарихты зерттеудің жаңа тәсілдерін үйренуге және тарихи мәліметтерді қазіргі заманға сай форматта ұсынуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға үлес қоса алады деп ойлаймын.

– Осы ғылыми жоба арқылы қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз? Солардың ішінде өзіңіз үшін ең маңыздысы қайсысы?

– Бұл жоба мен үшін көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бір оқу жылының өзінде осы жоба арқылы бірнеше ғылыми байқаулар мен жарыстарға қатысуға мүмкіндік алдым. Атап айтқан-

да, «Менің шағын Отаным» республикалық желілік байқауында II орын иелендім. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі NIS Project Fest байқауында да II орын алдым.

Жуырда тағы да жоба негізінде түсірілген деректі фильміммен «Ұлттық тарих» байқауының облыстық кезеңінде I орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама ұтып алдым. Бұл жетістіктердің барлығы мен үшін өте маңызды. Дегенмен, өзім үшін ең маңызды жетістік – зерттеу жұмысымның жоғары бағаланып, республикалық деңгейде таныстырылу мүмкіндігіне ие болуы. Қазіргі таңда жобаның келесі кезеңіне дайындалып жатырмын. Жаз мезгілінде Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысамын. Сондықтан қазір деректі фильмімді жетілдіріп, зерттеу жұмысымды толықтырып, байқауға белсенді дайындық жүргізудемін.

– Жасанды интеллектпен алғаш рет қашан таныстыңыз және бұл салаға қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Мен жасанды интеллектпен осы соңғы бір жылда айналысып бастадым. Алғашында жай ғана қызығушылық ретінде қарап, әртүрлі тапсырмаларда қолданып көрдім. Уақыт өте келе оның мүмкіндіктері қатты қызықтырып, мәтін жазу, идея жинау, ақпаратты түсіндіру сияқты жұмыстарда жиі қолдана бастадым. Осылайша жасанды интеллект мен үшін тек құрал емес, оқу мен зерттеуге көмектесетін маңызды мүмкіндікке айналды.

Бірте-бірте бұл салаға деген қызығушылығым артты. Жасанды интеллект тек көмекші құрал емес, сонымен қатар зерттеу жүргізуге, жобалар жасауға және жаңа идеялар табуға көмектесетін заманауи технология екенін байқадым. Сол себепті мен оны тек қолданушы ретінде емес, білімімді дамытуға көмектесетін мүмкіндік ретінде қарастыра бастадым.

– Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде оқушы ретінде оның болашағына қалай қарайсыз? Бұл технология адамзатқа қандай мүмкіндіктер ашады деп ойлайсыз?

– Мен жасанды интеллекттің болашағына өте үлкен үмітпен қараймын. Қазіргі кезде ол тез дамып келе жатыр, сондықтан алдағы уақытта біздің өміріміздің барлық саласына әсер ететін маңызды технологияға айналады деп ойлаймын.

Бұл технология адамзатқа көптеген мүмкіндіктер ашады. Біріншіден, білім беру саласында оқушыларға ақпаратты тез әрі түсінікті түрде алуға көмектеседі. Екіншіден, медицина, ғылым, инженерия сияқты салаларда күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шығармашылық жұмыстарда да жаңа идеялар туындатуға жол ашады. Осылай бірте бірте оның қолданылу саласы кеңінен таралады.

Менің ойымша, жасанды интеллект адамды алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге көмектесетін құрал болады. Сондықтан оны дұрыс әрі тиімді пайдалана білсек, ол адамзат дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін.

– Сіз оқу үлгерімі жоғары, белсенді оқушылардың бірісіз. Сабақ, ғылыми зерттеу және қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрудің құпиясы неде?

– Менің ойымша, ең бастысы – уақытты дұрыс жоспарлау және тәртіпті сақтау. Күнделікті режим құрып, әр іске нақты уақыт бөлу маған барлық жұмыстарды үлгеруге көмектеседі. Сонымен қатар мақсат қою және сол мақсатқа жүйелі түрде қадам жасау өте маңызды.

Тағы бір маңызды себеп – мектебіміздің жоғары академиялық талаптары. Бұл мені үнемі дайын болуға, жауапкершілікпен қарауға және уақытты тиімді пайдалануға үйретті. Осындай ортада оқу мені тек сабақты жақсы оқуға ғана емес, ғылыми зерттеу және қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүруге ынталандырады.

– Мобилографиямен айналысып, мектеп өміріндегі маңызды сәттерді түсіріп жүрсіз. Бұл шығармашылық бағыт сізге не үйретті?

– Жалпы өзім бұрынан фотосуреттер түсіруге қызығатынмын. Ал мобилографияны соңғы екі жылда меңгеріп, айналысып келемін. Мобилографиямен айналысу маған шығармашылық тұрғыдан ойлауды үйретті. Мектептегі маңызды сәттерді түсіру арқылы әрбір оқиғаның мәнін байқауға, оны ерекше қырынан көрсетуге үйрендім. Бұрын жай ғана сәт болып көрінетін дүниелердің өзі кадр арқылы мағынасы тереңдей түсетінін түсіндім.

Сонымен қатар бұл бағыт маған жауапкершілік пен ұқыптылықты үйретті. Әрбір түсірілімді жасау үшін алдын ала жоспарлау, дұрыс бұрыш таңдау және әдемі сәтті дәл табу қажет екенін ұқтым.

Тағы бір маңызды бөлігі – монтаждау. Монтаждау кезінде түсірілген материалды реттеп, ең маңызды сәттерін бөліп алып, оқиғаны әсерлі етіп құрастыруды үйрендім. Дұрыс музыка, кадрлардың ауысуы және ритмді сақтау арқылы қарапайым видеоны да қызықты әрі әсерлі етіп көрсетуге болатынын түсіндім. Мобилография маған тек техникалық дағды емес, шығармашылық көзқарас пен эстетикалық талғамды да дамытты.

– Анаңызбен бірге тоғызқұмалақ жарыстарына қатысатыныңызды білеміз. Бұл қызығушылық қалай басталды және тоғызқұмалақ сіздің ойлау қабілетіңізге қандай әсер етті?

– Бұл қызығушылық менде анамнан басталды. Анам бала кезінен тоғызқұмалақ ойнап, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңістерге жеткен. Чемпион болған. Ол маған да осы ойынды карантин кезінде ойнап үйретті. Сол кезден бастап мен де қызығып, ойнай бастадым. Мектептегі тоғызқұмалақ үйірмесіне қатыстым.

Мектепте ата-аналар, мұғалімдер және оқушылар арасында өткен жарыстарға анаммен бірге қатысып жүрдік. Осы тәжірибе бізді жақындастырып қана қоймай, менің ойлау қабілетімді дамытуға үлкен әсер етті.

Тоғызқұмалақ ойыны маған логикалық ойлауды, тез шешім қабылдауды және әр қадамды алдын ала жоспарлауды үйретті. Уақыт өте келе есте сақтау қабілетім де жақсарып, күрделі жағдайларда дұрыс шешім табуға үйрендім.

– Өзіңізді 10 жылдан кейін қалай елестетесіз?

– Мен өзімді 10 жылдан кейін медицина саласының білікті маманы ретінде елестетемін. Мектепті аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсіп, медицина бағытында білім алуды жоспарлап отырмын. Осы жолмен Астана қаласында оқып, тәжірибе жинап, кейін сол жерде жұмысымды жалғастырғым келеді деген ойым бар. Мен үшін ең басты мақсат – өз мамандығымды жақсы меңгеріп, адамдарға пайда әкелетін, өз ісін жауапкершілікпен атқаратын дәрігер болу.

– Өз қатарластарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Менің ойымша, ең маңыздысы – арманыңды нақты білу және сол мақсатқа біртіндеп қадам жасау. Үлкен жетістік бір күнде келмейді, ол күнделікті еңбектің нәтижесі.

Менің ұсынарым – уақытты тиімді пайдалану, өз-өзіңе сену және ешқашан ерінбеу. Қиындықтар болған кезде тоқтап қалмай, керісінше одан сабақ алу керек. Сонымен қатар мүмкіндіктерден қорықпай, жаңа нәрселерді байқап көру өте маңызды.

Егер адам өз мақсатына шын ниетпен ұмтылса, міндетті түрде нәтижеге жетеді деп ойлаймын.

– Ашық, емін-еркін ойларға негізделген сүбелі сұхбатыңызға зор алғыс! Сізге тек шығармашылық шабыт, қызыққа толы жарқын сәттер тілеймін!

 Сұхбаттасқан
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий