Жаңа оқу жылында он екі мектеп ашылатын болады

Астана қаласының мектептерінде биылғы оқу жылының аяқталуына байланысты «Жұлдыздар шеруі» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында әр мектептің жыл бойындағы үздік оқушылары анықталып, олардың білім, өнер және спорт салаларындағы жетістіктері ерекше атап айтылды. №111 жалпы орта білім беретін мектепте ұйымдастырылған іс-шара барысында жүздеген оқушы «Жыл үздігі» атанып, көпшілікке үлгі болды.

Салтанатты жиынға қалалық білім басқармасының өкілдері, мәдениет және өнер саласының танымал тұлғалары қатысып, оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Іс-шара барысында оқушылар ғана емес, сонымен қатар үздік ұстаздар мен мектеп өміріне белсенді қолдау көрсетіп жүрген қамқоршы ата-аналар да арнайы марапаттарға ие болды. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында 1–11-сынып оқушылары арасында «Заң мен тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылған болатын.

Бұл сынып сағатының мақсаты – жас ұрпақ арасында патриотизмді, бірлік пен келісімді, жалпыұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру, Конституцияның маңызын түсіндіру және заң мен тәртіп қағидаттарын дәріптеуді көздейді. Сонымен қатар оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

2025-2026 оқу жылында елорданың екі жүз алты орта білім беру ұйымында 314 мың 964 оқушы білім алып, он алты мыңнан астам жас түлек алтын ұяларымен қоштасуда. Бір миллион екі жүз сегіз мың шәкірт үздік аттестатқа үміткер болса, «Алтын белгіні» қорғайтындардың қатары алты жүз елу. Сонымен қатар жазғы кезеңде қала бойынша 242 мыңнан астам оқушыны сауықтыру және демалыс шараларымен қамту мүмкіндігі жоспарланған.

№91 мектеп-гимназияның биылғы түлектері соңғы қоңырау қарсаңында ерекше форматтағы әсерлі музыкалық флешмоб шеңберінде балалық шақпен қоштасу мен ақ арманның символына айналған Мұхтар Шахановтың «Ақ бантик» әнін LRT вагонында орындап, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Жастардың айтуынша, білім ордасының маңынан бой көтерген жеңіл рельсті көлік олар үшін тек заманауи тасымал құралы емес, саяси орталықтың қарқынды дамуы мен болашаққа ұмтылысының белгісі.

Сондықтан мектеппен қоштасу сәтін қаланың жаңа даму кезеңімен байланыстыру идеясы оқушылар тарапынан үлкен қолдау тапқан. Ақ жейде мен ақ бантик таққан түлектердің ән орындауы жолаушыларға ерекше әсер қалдырды. Ән арқылы олар мектеп қабырғасындағы балалық шақпен қоштасу сезімін, ұстаздарға деген алғысын, туған қалаға деген сүйіспеншілігін және болашаққа деген сенімін жеткізуге барын салғаны рас.

– Түлектеріміздің тарихи мектеп бітіру сәті мен LRT-ның іске қосылу кезеңі қатар келіп отыр. Осы орайда біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың туған қалаға деген құрметін көрсету мақсатында осындай ерекше іс-шара ұйымдастырдық. Бұл түлектердің есте қаларлық сәттерінің бірі болады деп сенеміз, – дейді осы ұйымшыл ұстаздар ұжымы жетекшісінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ГүлнәрАхметова. Тоғызыншы сыныпты тәмамдаушы түлектердің биылғы көрсеткіші 24 мыңнан асып тұр.

Өткен аптада жергілікті білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттау жұмысы басталып, 9-сынып оқушылары емтихан тапсыруды бастады. Олар мамыр айының 29-ы мен маусымның он бірі аралығында төрт пән бойынша сынаққа қатысса, он бірінші сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары маусым айының 2-15 күндері аралығында бес пән бойынша ұйымдастырылатындығы белгіленген. Қорытынды аттестаттау – оқушылардың мектеп қабырғасында алған білімін саралайтын маңызды кезең. Осыған байланысты барлық білім беру ұйымында емтиханның әділ әрі ашық өтуіне қажетті жағдайлар жасалған.

Салалық құрылымның баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратқа жүгінсек, мамыр айының жиырма жетісінен бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау науқаны басталған. Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейге бір үйдің үшем баласы құжат тапсырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Күнтуған Бақыт, Айтуған Бақыт және Нұртуған Бақыт жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданып, қазақ тілінде білім алмақ. Бір үйдің үш перзентінің мектеп табалдырығын қатар аттауы – отбасы үшін де, білім ордасы үшін де ерекше қуанышты сәт.

– Құлыншақтарымыздың қадамдары құтты болып, білім жолында биік белестерді бағындырсын. Елін сүйетін, тәрбиелі әрі білімді азамат болып өссе екен дейміз, – дейді ата-аналары. Астана қаласы бойынша бірінші сыныпқа құжат тапсыру алдағы тамыз айының отыз біріне дейін жалғасады. Елорда аумағында мектеп салу және балалар үшін жайлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жеңіс Қасымбек жуырда екінші мегаполистің басшысы ретінде бірқатар мектеп пен оқушылар сарайының құрылыс барысымен танысқан еді.

– Жаңа оқу жылы ішінде тағы 12 оқу орнын ашамыз. Мәселен, соңғы жылдары қырық төрт мектеп салдық. Осы шаралар қолданыстағы мектептерге түсетін салмақты едәуір азайтып, қосымша оқушы орындарын ашуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік инфрақұрылымға қажеттілік жоғары аудандарға айрықша назар аударып отырмыз. Сол сияқты алдағы жылға арналған дайындық жұмысы жүріп жатыр, – деді қала әкімі. – Жобалық және қала құрылысына қатысты құжаттамалар әзірлеу ісі қолға алынды. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін қалада бір жүз қырыққа жуық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл тағы екі Оқушылар сарайы мен алты балабақша ашу жоспарда бар. Оқу және білім беру орталықтарының құрылысына жеке инвестициялар да жұмылдырылып отыр.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий