Жүрекпен сезілген ырғақ: ұстаз сенімі мен шәкірт жеңісі

Кейде өмір адамға сан түрлі сынақ береді. Бірақ сол сынақтың арғы жағында үлкен тағдыр, үлкен жеңіс жатады. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де биік жеңістерге қол созып, өмірлік мұраттарына айқын қадам басқан жандар. Бірі – музыканы құлағымен естімесе де, жүрегімен сезініп, халықаралық сахнада Қазақстанның абыройын асқақтатқан биші Қаракөз Мұратқызы болса, екіншісі – шәкіртінің бойындағы талантты дер кезінде байқап, оған қанат бітірген ұстаз Исатай Елеусинов. Қаракөздің жетістігі – тек жеке жеңіс емес. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімнің, төзімнің және ортақ еңбектің жемісі. Халықаралық «Лазги» фестивалінде Түркі әлемінің үздік бишісі атанған қазақ қызының өмір жолы көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Бүгін біз оқырман назарына халықаралық сахнада ел намысын қорғаған дарынды биші Қаракөз Мұратқызымен және оның ұстазы, хореограф Исатай Елеусиновпен болған сұхбатты ұсынамыз.

«МЕН МУЗЫКАНЫ ҚҰЛАҒЫММЕН ЕМЕС, ЖҮРЕГІММЕН ТЫҢДАЙМЫН»

Алдымен бала кезден-ақ бойына би өнерін серік еткен TURKSOY халықаралық сыйлығының иегері Қаракөз Мұратқызын сөзге тарттық:

 – Қаракөз, сіздің өмір жолыңыз көпшілікке қайсарлықтың жарқын үлгісі ретінде танылып келеді. Би өнері сіздің өміріңізге қалай келді?

– Би менің өміріме бала күнімде енді. Бастапқыда бұл жай ғана қызығушылық болатын. Кейін уақыт өте келе өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Мен музыканы ести алмасам да, оның ырғағын жүрегіммен сезінемін. Алғаш рет сахнаға шыққан сәттен бастап би менің жан дүниемнің бір бөлшегіне айналды. Би арқылы өз сезімімді, қуанышымды, арманымды жеткіземін. Сахнаға шыққан сайын өзімді еркін әрі бақытты сезінемін. Өнер маған қиындықтарға мойымауды, әрдайым алға ұмтылуды, арманыма адал болуды үйретті.

– Музыканы құлақпен емес, жүрекпен сезіну – көпшілік үшін ерекше құбылыс. Сахнада ырғақты қалай қабылдайсыз? Би сіз үшін қандай тіл?

– Мен музыканы шынымен де жүрегіммен сезінемін. Ырғақты сахнаның дірілі арқылы, денемнің қозғалысы арқылы қабылдаймын. Кейде адамдар сөзбен жеткізе алмайтын сезімді би арқылы жеткізуге болады. Сондықтан би мен үшін ерекше тіл. Ол – жан дүниемнің үні. Мен сахнада сөйлеп тұрғандай күй кешемін. Әр қимылым арқылы өз ойымды, өз сезімімді жеткізуге тырысамын.

– Көп адам өмірдегі кедергілерді сылтау етеді. Ал сіз оларды жеңіп, ерекше күшке айналдыра алдыңыз. Өзіңізді шыңдаған өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Мен әрқашан «қолымнан келеді» деген сеніммен өмір сүремін. Адам өзіне сенсе, кез келген қиындықты жеңе алады деп ойлаймын. Әрине, өмірде түрлі сынақтар болды. Бірақ мен оларды тоқтау үшін емес, өсу үшін берілген мүмкіндік деп қабылдадым. Қандай жағдай болса да алға қадам жасауды тоқтатпау керек.

– Сахнаға шығар сәтте қандай сезім басым болады? Толқу ма, жауапкершілік пе, әлде ерекше тыныштық па?

– Сахнаға шығар алдында толқу болады. Жауапкершілікті де сезінесің. Бірақ сахнаға аяқ басқан сәттен бастап бәрі өзгереді. Ерекше тыныштық орнайды. Сол сәтте мен өз әлеміме еніп кетемін. Барлық сезімімді биге арнаймын. Сол үшін де сахнаны жақсы көремін.

– Үшінші халықаралық «Лазги» фестиваліне Қазақстан атынан қатысу үлкен сенім болды. Сол сәтте қандай жауапкершілік сезіндіңіз?

– Бұл фестиваль менің өмірімдегі ең маңызды белестердің бірі болды. Біз оған бір күн немесе бір ай дайындалған жоқпыз. Шамамен бір жыл бойы дайындалдық. Әр қимылды, әр образды, әр сахналық шешімді мұқият ойластырдық. Қазақстан атынан шығу мен үшін үлкен мақтаныш әрі зор жауапкершілік болды. Сахнаға шыққанда өз атымнан ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғап тұрғанымды сезіндім. Сондықтан бар күшімді салуға тырыстым.

– Сайысқа өз қаражатыңызбен барғаныңыз көпшілікті таңғалдырды. Бұл шешімге не түрткі болды?

– Иә, бұл рас. Көптеген жарыстарға өз қаражатымызбен қатысуға тура келеді. Әрине, бұл оңай емес. Дайындыққа, жолға, сахналық киімге кететін шығындар аз болмайды. Кейде түрлі мекемелердің есігін қағып, қолдау іздейміз. Алайда күткен көмекті ала алмай қалатын кездер де болады. Сондай сәттерде тек өз күшімізге сенуге тура келеді. Бірақ біз ешқашан тоқтап қалған емеспіз. Өйткені алдымызда үлкен мақсат тұр. Біз өнеріміз арқылы елімізді танытқымыз келді.

Кейде қиындықтар көп болады. Бірақ арман одан да үлкен болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан қандай кедергі кездессе де, алға қарай жүре береміз.

TURKSOY халықаралық сыйлығын иеленіп, Түркі әлемінің үздік бишісі атандыңыз. Сол сәттегі көңіл-күйіңізді сөзбен жеткізу мүмкін бе?

– Марапат жарияланған сәтте ерекше толқыдым. Сол күнге дейінгі бүкіл еңбегіміз көз алдымнан өтті. Ұзақ дайындық, Ташкент қаласына барып тәжірибе жинауымыз, соңғы сәтте енгізілген өзгерістер – бәрі есіме түсті. Бұл жетістік тек менікі емес. Бұл – ұстазымның, ата-анамның және маған сенген барлық жандардың ортақ жеңісі. Түркі елдерінің үздік бишісі атану мен үшін үлкен мәртебе. Бірақ мен мұны соңғы белес деп қабылдамаймын. Бұл – жаңа бастама. Алда әлі де үйренетін нәрсе көп, қатысатын жарыстар көп. Сондықтан еңбектенуді тоқтатпаймын.

– Фестивальге дайындық барысында есте қалған ерекше оқиғалар болды ма?

– Әрине. Соның ең маңыздысы – арнайы Ташкент қаласына барып, өзбек биінің мамандарынан тәлім алуымыз болды. Біз «Лазги» биінің табиғатын терең түсінуге тырыстық. Себебі халықаралық сахнада биді орындап қана қоймай, оның рухын жеткізу маңызды еді.

Фестиваль басталуына небәрі үш күн қалғанда биімізге өзгеріс енгізілді. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Қысқа уақыт ішінде қайта дайындалуға тура келді. Бірақ сол қиындық бізді шыңдай түсті.

Өзбекстан халқының ерекше ықыласы да жүрегімде сақталып қалды. Бізді әуежайдан бастап үлкен құрметпен қарсы алды. Өзімді бөтен елде емес, туған бауырларымның арасында жүргендей сезіндім.

– Ұстазыңыз Исатай Елеусинов сіздің өміріңізде қандай орын алады?

– Исатай ағай мен үшін жай ғана ұстаз емес. Ол – маған әрдайым сенім білдіретін адам. Кейде өзіме күмәнданған сәттерімде де ол менің қолымнан бәрі келетінін айтып жігерлендіретін. Бүгінгі жетістіктерімнің артында ұстазымның өлшеусіз еңбегі жатыр. Сондықтан мен оны ерекше құрметтеймін және әрдайым алғысымды білдіремін.

– Өміріңізде кімдерге ерекше алғыс айтасыз?

– Ең алдымен ата-анама алғыс айтамын. Олар әрдайым жанымнан табылып, қолдау көрсетті. Сондай-ақ ұстазым Исатай ағайға ризашылығым шексіз. Ол менің қабілетімді байқап, үлкен сахнаға жол ашты. Маған сенген барлық адамдарға алғысымды білдіремін.

– Өзіңіз секілді ерекше балаларға қандай тілек айтар едіңіз?

– Ешқашан армандарыңыздан бас тартпаңыздар. Өзіңізге сеніңіздер. Әр адамның бойында ерекше талант бар. Ең бастысы – сол талантты ашып, дамыту. Қандай қиындық болса да алға ұмтылсаңыздар, міндетті түрде мақсатыңызға жетесіздер. Мен бұған өз өмірім арқылы дәлел бола аламын.

«ШӘКІРТТІҢ ЖЕТІСТІГІ – ҰСТАЗДЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН МАРАПАТЫ»

Қаракөздің ұстазы Исатай Елеусинов өн бойына сан түрлі қасиет пен талантты біріктіре білген бірегей тұлға. Ол әрі биші, әрі сурдо аудармашы, әрі еліміздегі ең белді қазақи дизайнерлердің бірі. Және қай машықты игерсе де, оны кәсіби деңгейде жасайды.

– Исатай мырза, ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істеу үлкен жүректі талап етеді. Сізді осы жолға алып келген не нәрсе?

– Бұл салаға мен кездейсоқ келген жоқпын. Осы балалардың өмірге деген талпынысын, өнерге деген құштарлығын көрген сайын оларға көмектескім келді. Уақыт өте келе бұл жұмыс менің мамандығым ғана емес, өмірлік миссияма айналды. Олардың әрбір кішкентай жетістігі мен үшін үлкен қуаныш.

– Сіз ишара тілін меңгеріп, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балалармен еркін сөйлесе аласыз. Бұл тіл сізге нені үйретті?

– Ишара тілін үйрену мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Бұл тіл арқылы адамдарды түсінудің басқа қырын аштым. Кейде сөзсіз-ақ көп нәрсені жеткізуге болатынын түсіндім. Бұл мені сабырлы болуға, адамды тереңірек түсінуге үйретті. Бүгінде елімізде сурдо аудармашылар өте аз. Мен сол сирек кездесетін мамандықтың бірін еркін игеріп алып, облыстық телеарнада бірнеше жыл бойы қызмет еттім. Ерекше балалармен жұмыс істеп, олардың өн бойындағы қабілеттерін ашуға да дәл осы ишара тілін білуім көмектесті.

– Қаракөздің бойындағы талантты алғаш қашан байқадыңыз?

– Оның биге деген қабілетін кішкентай кезінен байқадым. Музыканы естімесе де, оны жан-тәнімен сезінетін. Қимылдарының тазалығы, сахнадағы еркіндігі мені бірден таңғалдырды. Сол талантты дұрыс бағыттап, дамытуға күш салдым.

– Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты қалай сипаттар едіңіз?

– Кейде ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс ресми қарым-қатынастан әлдеқайда терең болады. Қаракөзбен бірге біз көптеген қиындықтарды еңсердік. Сондықтан оны шәкіртім ғана емес, рухани тұрғыдан өте жақын адам деп есептеймін.

– Сіз балаларға би үйретіп қана қоймай, сахналық костюм тігуді де үйретесіз. Мұндағы мақсатыңыз қандай?

– Өнер адамды жан-жақты дамытуы керек деп ойлаймын. Би билеп қана қоймай, сахналық киімнің қалай жасалатынын білу де маңызды. Сондықтан балаларға қолөнерді де үйретемін. Бұл олардың еңбекке деген сүйіспеншілігін арттырады.

– Костюм тігудің балаларға қандай пайдасы бар?

– Бұл олардың өмірге бейімделуіне көмектеседі. Шыдамдылыққа, жауапкершілікке, бастаған істі соңына дейін жеткізуге үйретеді. Өз қолымен тіккен киімді сахнада киіп шыққанда олардың көзіндегі қуанышты сөзбен жеткізу қиын.

– Қаракөз халықаралық фестивальде киген костюмдерді өзіңізбен бірге тігіп шыққан екен. Сол кезде қандай сезімде болдыңыз?

– Әр бөлшекке үлкен жауапкершілікпен қарадық. Қаракөздің де осы жұмысқа ерекше ынтамен араласқаны қуантты. Кейін сол костюммен халықаралық сахнаға шыққанда еңбегіміздің ақталғанын сезіндім.

– Қоғам ерекше жандардың мүмкіндігін толық бағалай алып жүр ме?

– Меніңше, ең алдымен, қоғам ерекше жандарға аяушылықпен емес, мүмкіндік тұрғысынан қарауы керек. Олардың бойында талант та, қабілет те жеткілікті. Тек сол қабілетті ашуға жағдай жасау қажет.

– Ұстаз үшін ең үлкен марапат не?

– Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Қаракөздің халықаралық сахнада Қазақстанның атын танытып тұрғанын көргенде ерекше толқыдым. Сол сәтте барлық еңбек ақталғандай болды.

 – Өмірлік ұстанымыңызды бір ауыз сөзбен қалай айтар едіңіз?

– Мен әрқашан «Талант еңбекпен шыңдалады, ал сенім адамды биікке көтереді» деген қағиданы ұстанамын. Егер балаға сенім артып, дұрыс бағыт берсеңіз, ол міндетті түрде өз мақсатына жетеді.

Өмірдің кейбір әуені құлаққа емес, жүрекке жетеді. Қаракөздің өнері де сондай. Ол жүрекпен сезінген ырғақты әлемге жеткізсе, Исатайдай ұстаз сол жүректегі сенімді өшірмей, үлкен өнерге бастады. Бүгінгі жетістік – шәкірт таланты мен ұстаз еңбегінің тоғысқан тұсы. Сондықтан халықаралық сахнада жарқыраған әрбір жеңістің ар жағында тек өнер ғана емес, тағдырмен тайталасқан табандылық, үміттен қуат алған жігер және адамға деген шексіз сенім тұрғанын ұмытпауымыз керек. Ал мұндай тағылымды тағдырлар қоғамға әрдайым рухани күш беріп, «мүмкін емес» деген ұғымның шекарасын кеңейте түсетіні анық.

 Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий