Павлодар облысында 70 IT-бағыттағы жазғы лагерь жұмыс істейді
Павлодар облысының оқушылары үшін жазғы демалыс тек тынығу уақыты ғана емес, заманауи технологиялармен танысып, жаңа білім алуға мүмкіндік беретін кезеңге айналуда. Биыл өңірде 356 мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылған болса, олардың 70-і IT бағытында жұмыс жүргізуде.
Мұндай алаңдар балаларға бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект, цифрлық шығармашылық және жобалық қызмет негіздерін меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушылардың логикалық ойлауын, креативтілігін және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
IT-лагерьлердің ең көп саны Павлодар қаласында (12), Екібастұз қаласында (9) және Ертіс ауданында (25) орналасқан. Сондай-ақ олар Ақсу қаласында, Баянауыл, Железин, Май, Ақтоғай, Шарбақты, Аққулы және Тереңкөл аудандарында жұмыс істейді.
Сұранысқа ие бағыттардың бірі – робототехника. Павлодар қаласында оқушылар роботтарды құрастырып, бағдарламалайды. Екібастұзда бағдарламалау, робототехника және графикалық дизайн негіздерін меңгерсе, Ақсуда медиасауаттылықты дамытып, цифрлық контент жасауды және бейнеөндіріс негіздерін үйренеді.
Железин ауданында балалар жасанды интеллект технологияларымен және нейрожелілермен танысады. Ал Ертіс ауданындағы барлық мектеп жанындағы IT-лагерьлер AIKidsCamp «Болашақ жасаушылары» атауымен жұмыс істеп, онда оқушылар цифрлық мәдениет пен жасанды интеллектті қолдану негіздерін меңгеруде.
Баянауыл және Тереңкөл аудандарында робототехника мен бағдарламалауға басымдық берілсе, Шарбақты ауданында STEAM laboratory бағыты жүзеге асырылуда. Аққулы ауданында цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған «Жазғы хакатон» жобасы қолға алынған.
Май ауданында оқушылар робототехника, бағдарламалау және 3D-модельдеу бағыттарын игерсе, Ақтоғай ауданында Future Coders IT-лагері жұмыс істейді.
Сонымен қатар Успен және Павлодар аудандарындағы барлық мектеп жанындағы лагерьлерде жасанды интеллектті қолдануға арналған сабақтар өткізіліп, оқушылар нейрожелілермен жұмыс істеуді және медиаконтент жасауды үйренуде.
Бүгінде IT-лагерьлер өңірдің қосымша білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Олар оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, болашақ цифрлық әлемде сұранысқа ие болатын заманауи дағдыларды меңгеруіне жол ашады.
Загрузка...

