Үздіктер анықталды: WorldSkillsPavlodar-2026 чемпионаты өз мәресіне жетті
Павлодар облысында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және жастардың кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған WorldSkillsPavlodar-2026 өңірлік чемпионаты қорытындыланды. Өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері бас қосқан ауқымды дода биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, үздік мамандарды анықтады.
Чемпионатқа Павлодар облысының 39 колледжінен 334 студент қатысып, 70 құзыреттілік бойынша бақ сынады.
Чемпионат қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен колледждер марапатталды. Көш басында сегіз алтын медальдан иеленген Электроника және коммуникациялар жоғары колледжі мен Ақпараттық технологиялар колледжі тұрды. Сонымен қатар Ақсу қара металлургия колледжі алты алтын медальға қол жеткізсе, «Ертіс» жоғары инновациялық аграрлық колледжі мен Павлодар политехникалық жоғары колледжі бес алтын медальдан еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алты бағыт бойынша анықталды. Атап айтқанда, «Білім беру. Медицина. Өнер», «Цифрлық және ақпараттық технологиялар», «Инженерия. Құрылыс», «Көлік. Байланыс», «Қызмет көрсету. Қаржы. Еңбекті қорғау» және «AgroSkills» бағыттарында үздік нәтижелер көрсеткен студенттер марапат төрінен көрінді.
Биылғы чемпионаттың ерекше жаңалығы – «Цифрлық және ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша WorldSkills Kazakhstan-2026 республикалық чемпионатының жеңімпаздарына Инновациялық Еуразия университетінің 2027–2028 оқу жылына арналған екі білім грантының ұсынылуы болды. Бұл жас мамандар үшін кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды қолдау ретінде бағаланды.
Жалпы чемпионат қорытындысында 70 жеңімпаз марапатталып, оларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Загрузка...
