Сөз өнерін серік еткен жас таланттар
Жаз мезгілі – балалардың тынығып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін дамытып, жаңа белестерді бағындыратын ерекше кезең. Осы мақсатта Ертіс ауданының Қарақұдық жалпы орта білім беру мектебінің базасында дәстүрлі «Жас ақын» жазғы сауықтыру лагері ұйымдастырылып, аудан көлеміндегі дарынды оқушылардың басын қосты.
2019 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан лагерь жас өрендердің әдебиетке, сөз өнеріне деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін шыңдауға бағытталған маңызды жобаға айналды. Биылғы лагерь аясында қатысушылар «Жырлайды жан жүрегім жақсылықты», «Көркем сөз оқу» және «Шешендік өнер» номинациялары бойынша бақ сынады.
Аудан мектептерінен келген оқушылар өздерінің шығармашылық қарымын, шешендік қабілеті мен сахна мәдениетін көрсетіп, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
«Жырлайды жан жүрегім жақсылықты» номинациясында Ертіс №2 жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Хайрат Айзере І орынды иеленді. Ертіс №4 мектебінің оқушысы Бақытжан Кәусар ІІ орынға лайық деп танылса, Қараағаш мектебінің 8-сынып оқушысы Тасбулатов Мансур ІІІ орынды еншіледі.
«Көркем сөз оқу» номинациясы бойынша Абай мектебінің 10-сынып оқушысы Қошман Гүлім жеңімпаз атанды. Қарақұдық мектебінің 9-сынып оқушысы Жасқайрат Данэль ІІ орынды иеленсе, Ертіс №4 мектебінің 9-сынып оқушысы Бақытбекқызы Әмина ІІІ орынға ие болды.
Ал «Шешендік өнер» номинациясында Абай мектебінің 10-сынып оқушысы Мақұлбекова Жайна үздік нәтиже көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Иса Байзақов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Канатова Жансая ІІ орынға ие болса, Ертіс №2 мектебінің 6-сынып оқушысы Арынғазы Сырым мен Қарақұдық мектебінің 8-сынып оқушысы Адай Таңшолпан ІІІ орынды өзара бөлісті.
«Жас ақын» лагері балалардың шығармашылық ізденісін арттырып қана қоймай, олардың туған тілге, ұлттық әдебиет пен сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін нығайтты. Осындай мазмұнды шаралар жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, әдеби мұраға деген қызығушылығын қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Загрузка...
