Павлодар облысында 100 мыңнан астам оқушы «Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары» атты бірыңғай тақырыптық күнге қатысты

Павлодар облысының барлық білім беру ұйымдарында Қазақстанның көрнекті қайраткерлері мен Ертіс-Баян өңірінен шыққан танымал тұлғаларға арналған «Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары» атты бірыңғай облыстық тақырыптық күн өтті.

Ауқымды шараға өңірдегі мектеп жанындағы, бейіндік және қала сыртындағы лагерьлерде демалып жатқан 100 мыңнан астам оқушы қатысты. Тақырыптық күннің басты мақсаты – жас ұрпақтың туған өлкесі мен еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, ғылым, білім, әдебиет, өнер, спорт және қоғамдық қызмет салаларының дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен еңбегі арқылы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау.

Бірыңғай тақырыптық күн аясында облыстың барлық қала-аудандарында тақырыптық кездесулер, көрмелер, әдеби кештер, зияткерлік ойындар, шығармашылық жобалар мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқушылардың ерекше қызығушылығын «Ұлылар ізімен» квест-ойыны тудырды. Қатысушылар белгілі тарихи тұлғалардың өмір жолы мен жетістіктеріне байланысты тапсырмаларды орындап, білімдерін сынады.

Сондай-ақ оқушылар «Ұлы тұлғаға хат» медиа-марафонына қатысып, көрнекті қайраткерлерге бейнеүндеулер жолдап, олардың мұрасы мен өнегелі өмірінен алар тағылым туралы ой бөлісті.

Әр қала мен аудан іс-шараларын белгілі бір тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арнады. Павлодар қаласында оқушылар биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан Олжас Сүлейменовтің шығармашылық және қоғамдық мұрасымен танысты. Екібастұз қаласында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған шаралар өтсе, Ақсу қаласында Сәбит Дөнентаевтың 132 жылдығы, Баянауыл ауданында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы, ал Тереңкөл ауданында Майра Шамсутдинованың шығармашылығы насихатталды.

Күн бойы қатысушылар Жұбан Молдағалиев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Сапарғали Бегалин, Қошке Кемеңгеров, Темірбек Жүргенов және Дина Нұрпейісова сынды тұлғалардың өмір жолы мен еңбектері туралы мағлұмат алды.

Павлодар қаласындағы «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының тәрбиеленушісі Виктория Котова өз әсерімен бөлісіп, Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған іс-шарадан көптеген жаңа мәліметтер алғанын, әсіресе викториналар мен квест тапсырмалары ерекше ұнағанын айтты.

«Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары» атты бірыңғай тақырыптық күн жазғы сауықтыру науқанының маңызды әрі жарқын оқиғасына айналды. Заманауи интерактивті форматтардың арқасында 100 мыңнан астам павлодарлық оқушы ел тарихын тереңірек танып, Ұлы дала тұлғаларының өнегелі өмірінен тағылым алып, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгілерінен шабыт алды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий