Есіл бойындағы тазалық акциясына ҚазҰУ жастары белсенді қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Есіл өзенінің жайылмасын тазартуға өз үлестерін қосты.

География және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс студенттері Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Красноярка ауылында өткен ауқымды экологиялық бастамаға белсенді қатысты. Іс-шара жастардың кешенді өңірлік оқу-далалық тәжірибесі шеңберінде Краснояр негізгі мектебінің базасында, Қызылжар аудандық білім бөлімі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Бүгінде ҚазҰУ-дың болашақ географтары мен экологтары ауқымды оқу-тәжірибелік экспедициясын жалғастыруда. Олардың бағыты еліміздің бірнеше аймағын қамтиды: Алматы – Балқаш – Қарағанды – Астана – «Бурабай» МҰТП – Красноярка ауылы (СҚО).

Экспедицияның негізгі мақсаты – Қазақстанның табиғи аймақтары мен ландшафттарының ерекшеліктерін зерттеу, далалық географиялық зерттеу әдістерін меңгеру және теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру. Студенттер жер бедерін, топырақ пен өсімдік жамылғысын, су нысандарының жай-күйін зерделеп, табиғи үдерістерге кешенді бақылау жүргізуде.

Теорияны практикамен ұштастырған студенттер Есіл өзенінің жайылмасы мен жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қураған ағаштар мен сынған бұтақтарды жинады. Жастардың бұл еңбегі аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға және жергілікті экожүйенің жандануына септігін тигізді.

«Мұндай экологиялық бастамалар жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Студенттеріміз тек кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың шынайы үлгісін көрсетті», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

ҚазҰУ студенттері қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясына алдағы уақытта да белсенді атсалыса беретіндерін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий