Аққулы ауданының оқушылары мен педагогтері Абай еліне тағылымды саяхат жасады
Аққулы ауданының білім беру ұйымдарының 50- ден астам оқушылары мен педагогтері Абай облысына танымдық-рухани саяхат жасап, қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
Сапар барысында қатысушылар алдымен қасиетті Қоңыр әулие үңгірі нысанына барды. Ақтас тауының әктасты жыныстарында табиғи түрде қалыптасқан бұл үңгір Абай ауданы аумағында орналасқан және еліміздің киелі орындарының бірі саналады. Үңгірдің ерекшелігі – оның ішіндегі жерасты көлі мен табиғи құрылымы, сондай-ақ халық арасында сақталған аңыз-әңгімелері болып табылады.
Одан кейін делегация қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы өмір сүрген қасиетті Жидебай өңіріне ат басын бұрды. Қатысушылар Жидебай жеріндегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы кешенін аралап, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлермен танысты. Музей-қорық қазақ халқының рухани мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттап келе жатқан маңызды мәдени орталықтардың бірі болып саналады.
Экскурсия барысында оқушылар Абайдың музей-үйін, тарихи орындарды, сондай-ақ Абай мен Шәкәрімге арналған мемориалдық кешенді көріп, ұлттық құндылықтар мен ұлы тұлғалардың өнегелі өмір жолы туралы мол мағлұмат алды.
Мұндай танымдық сапарлар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, туған елдің мәдени-рухани мұрасына деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Аққулы ауданынан барған оқушылар мен ұстаздар бұл сапардан ерекше әсер алып, Абай мұрасын тереңірек танып қайтты.
Загрузка...

