Павлодарлық оқушылардың жарқын жазғы демалысы
Павлодар қаласында жазғы сауықтыру маусымы қарқынды түрде жалғасуда. Мектеп жанындағы лагерьлер мен қосымша білім беру орталықтары мыңдаған оқушыны қабылдап, жазғы демалысты мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыруда.
Жазғы науқанның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, олардың бос уақытын пайдалы өткізуге жағдай жасау. Осы бағытта білім беру ұйымдары мен қосымша білім беру мекемелері оқушылар үшін түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық және экологиялық жобаларды жүзеге асыруда.
Лагерь бағдарламалары балалардың қызығушылықтары мен жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген. Демалушылар зияткерлік ойындарға, шеберлік сағаттарына, шығармашылық байқауларға, спорттық жарыстарға және мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысуда. Сонымен қатар, балалар туған өлкенің тарихы мен табиғатын танып-білуге бағытталған экскурсиялар мен танымдық кездесулерге тартылуда.
Жазғы демалыс барысында балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға да кең мүмкіндік жасалған. Өнер, қолөнер, музыка, би және техникалық бағыттағы үйірмелер жас таланттардың қабілеттерін шыңдауға жағдай туғызуда. Көптеген оқушылар өздерінің жаңа қырларын ашып, болашақ мамандықтарына қатысты алғашқы қадамдарын жасауда.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорттық жарыстар, эстафеталар, туристік жорықтар мен ашық аспан астындағы ойындар тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай іс-шаралар балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың ұйымшылдық, көшбасшылық және жауапкершілік қасиеттерін дамытуға септігін тигізуде.
Загрузка...

